Алматы облысында болған ірі өрт салдарынан үш үй жанып кетті

31.07.2017 15:01

Алматы облысының Тұздыбастау ауылында ірі өрт болып, салдарынан 3 үй толығымен жанып кетті. Ал тағы екі үйді жалын жартылай шарпыған. Абырой болғанда, тұрғындар дін-аман. Бірақ баспанасыз қалғандардың ендігі жағдайы қалай болары белгісіз. Әзірге зардап шеккендерге жергілікті әкімшілік тарапынан алғашқы көмек көрсетілуде.

Тұздыбастау ауылының тұрғындары үшін өткен түн осылай қарбаласпен өтті. Аяқ асты тұтанған жалын қас қағым сәтте-ақ маңайдағы бірнеше үйді алып кеткен.

Тұрғындардың сөзінше, өрт кешкі 9 жарымдар шамасында осы цехта пайда болған. Сондай-ақ, халық, бұл жиһаз шығаратын жер заңсыз жұмыс істеген деп отыр. Ал қазір бұл үйдің нақты қожайыны кім екені анықталуда. 

«Мына жерден заңсыз жұмыс істейтін жиһаз цехын ашып қойған. Осындағы тұрғындар қанша рет оны жауып тастағысы келді. Өртті өшіріп жатқанда қожайындарын да көрмедік. Осы жердегі бүкіл көрші болып, ел болып 300-ден аса адам өшіруге тырыстық. Өрт нақты осы цехтан шыққанын көрдік, бірақ ошағы дәл қай жер екенін біле алмадық. Не керек таңғы 3-ке дейін арпалыстық»,- деді Куәгер, Исмаил ИСМАИЛОВ.

Ал жұрт айтқан, жиһаз шығаратын үйге көршілес орналасқан мына үй он минуттың ішінде отқа ораныпты. Үй қожайыны Әділ Тохтахунов сол арада үй ішіндегі 75 жастағы әкесін сыртқа шығарып үлгерген. Сондай-ақ, өрт болған сәтте тағы жұбайы мен анасы болған екен. Отбасының газға деп жинап жүрген бір миллион 200 мың теңгесі де жанып кетіпті.

«Біз жұбайым екеуміз мына жерде кілем жуып отырғанбыз. Бір кезде оттың ұшқыны көрініп, бірнәрсе жанып жатқан дауыс шықты. Енді менің үйімнің сау-тамтығы қалмады. Заттарымыз да, жинаған ақшамыз да өртеніп кетті. Өзім зейнеткермін»,- деді Облыс тұрғыны, Әділ ТОХТАХУНОВ.

Ресми мәлімет бойынша, өрт туралы хабар құтқару қызметіне түнгі оннан кете келіп түскен. Дереу оқиға орнына кезекші құтқару бригадасы жіберіліп, артынша тағы қосымша көмекке құтқару қызметі келген. Тіпті өрт сөндірушілердің бар уақытын Талғар тасжолында пайда болған кептеліс алған көрінеді. Отты ауыздықтауға барлығы 14 өрт сөндіруші мен үш техника бірлігі жұмылдырылған. Енді зардап шеккендерге жергілікті әкімдік жан-жақты жәрдем көрсетіп жатыр. 

«Бүгінгі күні барлық семьяларға қаражаттай көмек көрсетіледі, 1 жарым миллион теңге көлемінде және тамақ жағынан да көмек көрсетіледі. Барлық зардап шеккен адамдарға жатақхана ұсындық, бірақ бәрі бас тартып өз туыстарына жайғасамыз деп келісіп отыр»,- деді Талғар ауданы әкімінің орынбасары, Дәрменияр ҚЫДЫРБЕКҰЛЫ.

Жалпы, өрт болған жердің аумағы 500 шаршы метрге жетіп отыр. Қазір төтенше жағдайдың салдарынан үш үй мен бір автокөліктің жанып кеткені ғана белгілі. Сондай-ақ, көршілес тағы 2 үйге де зиян келген.

«Осы жағдайда жұмылдырылған әр өрт сөндіру автоцистерналарындағы су шамамен 7-10 минутта таусылды. Яғни, өрт өте күрделі болды. Сондықтан, судың үздіксіз беріліп тұруы үшін коммуналдық қызметтің су тасушы машиналары да жұмылдырылды. Қазіргі таңда, арнайы өрт лабороториясы жұмылдырыған. Өрт мамандары өздерінің нәтижесін айтуы керек»,- деді Қазақстан Республикасы ІІМ ТЖК ресми өкілі, Руслан ИМАНҚҰЛОВ.

Өрттің неден пайда болғаны және қанша шығын келгені әлі анықталуда. Қазір облыстық төтенше жағдайлар департаменті керекті сараптама шараларын жасауға кірісп кеткен.

Назкен Байтілес, Мұрат Тайжан, «Алматы» телеарнасы



Теги: пожар ЧП