Алматыда заңсыз тұрғызылған ойын-сауық кешені сүрілді. Екі қабатты ғимараттың бірде-бір құжаты жоқ. Кезектен тыс тексеру барысында, жеке кәсіпкердің бұл нысаны су қорғау аймағында тұрғаны анықталған. Құрылысты да рұқсатсыз салғаны әшкере болды. Алматы қаласы Әділет департаментінің сот орындаушылары, нысанды өз еркімен бұзу туралы кәсіпкерге бірнеше рет хат жолдаған. Алайда, заңға бағынбаған ғимарат иесі жауапсыз қалдырыпты.
«Аталған нысан жобалық құжаттамасыз, авторлық-техникалық қадағалаусыз мемлекеттік сәулет-құрылыс басқармасының хабарламасынсыз және су қорғау аймағында салынғаны анықталды. Аталған құқық бұзушылықтарға байланысты жеке кәсіпкер әкімшілік жазаға тартылды», - деді Алматы қаласы мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы басқармасының бөлім басшысы Олжас ТӨЛЕБАЕВ.
Аталған нысан мәжбүрлі түрде сүріле бастады. Қалалық Мемлекеттік сәулет құрылыс басқармасының мамандары «ғимарат осы аптаның соңына дейін толығымен жойылады», - деді. Жалпы, қалада заңсыз тұрғызылған және құжаттары толық емес 33 нысан бар. Алдағы уақытта олардың да жұмысы тоқтатылмақ.