Күлекбаевты судья сот залынан алыстатуға мәжбүр болды

26.10.2016 19:46

Қанды теракті ұйымдастырған Күлекбаевты судья сот залынан алыстатуға мәжбүр болды. Өзін дөрекі ұстап, сот сұрақтарына жауап беруден бас тартқан айыпталушының әрекеті көптің наразылығын тудырды. Ал оның қорғаушысы сот бұйрықтарын орындамауын, алған операциясымен байланыстырды.



Сот тыңдауында куәгерлер Күлекбаевтің полиция подполковнигі Ғани Нұримановты қалай өлтіргенін айтты. «Аллаһу акбар»,- деп айқайлап жүрген Күлекбаев, Абай мен Байзақов көшелерінің қиылысында бейғам келе жатқан отставкадағы Нұримановтан ақша мен құжатын көрсетуді талап етіп, ізінше ата салған. Ауыр жарақат алған 48 жастағы азаматқа сол жер ерлер емес, Любовь Дмитриева есімді егде әйел адам көмек көрсеткен.

«Менің әкем ішкі істер бөлімінде 25 жыл істеп, пенсияға шықты. Жазықсыз мына жауыздың қолынан қаза тауып отыр. Менің қояр талабым заңдағы мораториді алып, бұл адамды ату жазасына беру керек»,- деді Полиция подполковнигі марқұм Ғ.Нұриманогвтың ұлы, Әлішер ҒАНИҰЛЫ.

Кезек-кезек көргендерін айтып жатқан куәгерлерге күле қарап, қымсынбай отырған Күлекбаев полицейлерді өлтіру баптарын толық мойындағанмен, өзге айыптарды мойнына алмай отыр. Атыстан басқа кәсіпкерге қарақшылық шабуыл жасады, тонау әрекеттеріне барды деген айыптарды мойындаған жоқ.

Террорлық акт бойынша айыпталып жатқан Күлекбаев сотта сан түрлі ерсі қылықтар көрсетуін қояр емес. Бұған дейін өзіне қойылған сұрақтарға жауап бермек түгілі, орнында тұрмаған оның әрекетіне судья аса мән бермеген еді. Шыдамы таусылған сот төрағасы Ерлан Болатов оны залдан қуып, процесті тоқтатуға мәжбүр болды.

Алайда залдағы көпшілік сот ісінің Күлекбаевсіз өтуіне қарсылық танытты. Тәртіп сақтамағаны үшін залдан шығарылған айыпкер қорғаушылардың сұрауынан соң залдағы торға қайта тоғытылды.

Басты айыпкер Күлекбаев қарақшылықты бірлесе жасады,- деп жауапкершілікке тартылған қасындағы бесеуді мүлдем танымаймын, ақша, дүние тонау мақсатым емес, менікі тек өш алу,- деп қысқа қайырды. Ал мемлекеттің міндетті тағайындауы арқылы қылымыскерді қорғап жатқан адвокат айыпталушының судьяға бағынбау әректін былайша түсіндірді.

«Операциядан кейін қиын түсіп жатыр тұрып айтуға. Ал заңмен бекіткен соң оны қорғау менің азаматтық және кәсіби міндетім»,- деді Р.Күлекбаевтыңадвокаты, Ғани ҚҰСАЙЫНОВ.

Жалпы, осымен осымен үшінші күнге созылған сот отырысында қырыққа жуық куәгер мен зардап шеккен адамдардан жауап алынды. Алдағы екі күнде тағы отызға жуық адамның пікірі тыңдалып, жарыссөзден басталды. Лаңкестік акт, адам өлтіру тонау, қару ұрлау және сақтау сынды өзге де қылмыстық кодекстің ондаған баптарымен айыпталып жатқан алтауға үкім жұма күні шығып қалуы мүмкін.

Әмірболат Құсайынұлы, Рашиддин Якупов, «Алматы» телеарнасы