Алматыда кәсіби аспаздар сайысы өтті

Алматыда кәсіби аспаздар сайысы өтті
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Он саусағынан бал тамған аспаздар өзара сайысты. Екі күнге созылған жарысқа әлемнің әр түкпірінен 70-ке жуық аспаз келген.

Қызу шайқас ашық аспан астында көрермендер мен жанкүйерлер алдында өтті. Аспаздарға қойылған негізігі талап – бұрын соңды ешкім татып көрмеген тағам әзірлеу. Оларға таңсық асты дайындауға бар-жоғы, 30 минут қана берілді. Сондай-ақ, әділқазылар алқасы астың ұсынылуына да, ерекшелігіне де аса мән берді. Айта кету керек, шараның шымылдығын аспаздықты енді ғана бастап жүрген студенттер бастады. 14 бала сынақтан өтіп, аты әлемге мәшһүр тамақ пісіру шеберлерінен сабақ үйренуге мүмкіндік алды.  

«Барлығы өте жақсы өтті. Сайыс ұнады. Мен бүгін бөдененің жұмыртқасын ашық отта қуырдым. Әрине, дәмді шықпай қала ма деген қорқыныш, уайым болды. Дегенмен, алға қойған мақсатты орындай алдым. Барлығы керемет болды, келген қонақтарға рахмет айтамын. Тапсырманы тиісті уақытта аяқтадым. Нәтиже жақсы деген ойдамын», – деді аспаз Нариман ЕРЖАНОВ.

«Мен 3 жыл қатарынан қатысып келемін. Өткен жылы Гран-при жүлдесін, алтын медальды және кубокты иелендім. Биыл суши дайындайтын аспазды сайысқа дайындадым. Міне, бүгін ол жарысқа қатысты. Маған да бөдененің жұмыртқасы түсті. Мен жұмыртқа қосып, котлет дайындадым», – дейді аспаз Антон КОРНИЛОВ.


Новости партнеров