Әлемдегі ең ұзын құрақ көрпені тігіп, рекорд орнатуды мақсұт тұтқан алматылықтар жұмысты қарқынды жүргізіп жатыр. Алматы күні қарсаңында, яғни қыркүйек айында дайын болатын туынды мерзімінен бұрын аяқталуы мүмкін - дейді тігіншілер. Өйткені, шеберлер қазірдің өзінде 817 метр матаны құрап қойған. Оған қазақтың дәстүрін жалғаймын деген қолынан іс келетін қала тұрғындары мен студенттер ат салысуда.
Алматыда көлемі жағынан үлкен көрпені тігу шарасы әлі жалғасуда. Қазір жұртшылық жаппай құрақ құрап, акцияға көмек көрсетуде. Әсіресе, қаладағы жоғары оқу орындары жағынан белсенділік көп байқалады - дейді ұйымдастырушылар. Ал шараға өз үлесімді қосам деушілер үшін есік ашық. Ол үшін Крылов атындағы балалар кітапханасына келуге болады.
«Құрақ көрпеге негізгі біздің кітапхананың қызметкерлері, оның ішінде 25 кітапхана ат салысуда. Қаладағы жоғарғы оқу орындар, қала тұрғындарынан бар. Бізге келіп, өз тараптарынан осыны ақпарат көздерінен естіп, өздерінің үйлеріндегі маталарын әкеліп, дайын құрақ көрпелерін де әкеліп, жалпы ойыларымен бөліскен ондай біздің қала тұрғындары бар. Оның бәрі бізде тізімге алынған»,- деді Алматы қаласы орталықтандырылған кітапханалар жүйесі директорының орынбасары Ләззат СЫПАТАЕВА.
Асқан ісмер болмасада, шараға шын ниетімен үлес қосқысы келген студенттер де бар екен. Мәселен, Алматыдағы энергетика колледжіндегі 140 қыз ені 2 жарым метр, ал ұзындығы 8 метр болатын құрақ көрпені тіккен. Жуық арада туындыны 20 метрге жеткізіп, штабқа өткізбек. Осыған дейін қолдарына ине алып, тігін тікпеген жастар игі істері үшін қуанышты.
«Біз ең алдымен құрақ көрпені тігу үшін қиып алдық. Сол арқылы бірінші түстерін бір-біріне үйлестіріп алдық. Осылай біз құрақ көрпені тіге бастадық. Бос уақыттарында келіп, көрсеңдер болады деді. Келіп, үйрене бастадық. Шынымды айтсам, бұл көрпені бірінші рет тігіп отырмын»,- деді Алматы мемлекеттік энергетика және электронды технологиялар колледжінің студенті Ақерке БЕКТҰРСЫН.
«Неге біздің колледждің қыздары осы акцияға қатыспасқа деген ой келді. Сөйтіп, біз өзіміздің оқытушыларымыз бар, колледж қыздары бар, барлығымыз жабылып жатып, мата жинадық. Және де осы құрақ көрпені бастап жібердік. Яғни, осы акцияға өз үлесімізді қосқымыз келді. Бүгінгі тамашалап отырғаныңыз тек қана сол бастаған үлкен ісіміздің бір кішкентай ғана бөлігі»,- деді Алматы мемлекеттік энергетика және электронды технологиялар колледжі директорының орынбасары НАЗИРА ТОҒАЙБАЕВА.
Атап өтерлігі, Гинестің рекордтар кітабына енетін құрақ көрпенің жалпы көлемі 25 мың 500 шаршы метрден асады. Осылайша, әлемдегі ең үлкен көрпе бойынша 2000 жылы рекорд орнатқан Португалияның Порто қаласын басып озбақ. Оның көлемі 25 мың 100 шаршы метрді құраған еді.
Жадыра Омаржан, Влад Шишко, «Алматы» телеарнасы