Алматылықтар қасиетті Құрбан айт мерекесіне қызу дайындалып жатыр. Тұрғындар бүгіннен бастап мал сатып алуға кіріскен. Қалада құрбандық шалатын орындар да белгіленіп қойыпты. Жаратқанға жақындайтын мейрамда қандай мал соймау керек? Базардағы бағалар қандай?
Наурызбай ауданындағы «Тау самал» базарына таңнан бері мал сатып алуға келіп жатқандардың қарасы қалың. Мұндағы қойлардың көбісі Алматы облысынан жеткізілген. Барлығының құжаттары түгел. Тексеруден өткен дейді саудагерлер. Сонымен қатар арнайы қасапхана да қарастырылған.
«Қойлардың құжаттарының бәрі бар. Бәрі заңды. Тексерілген. Осы жердің мал дәрігері бар. Ол аралап, әрбір қойды тексеріп шығады. Бәрі сырғаланған. Бәрінің құжаттары дұрыс. Қойдың бағалары 18 мың бен 50 мың теңгенің арасында. Өте қымбат емес. Халыққа қолайлы, жағымды. Соятын жер бар. Қасапхана бар», – деді саудагер Бейсенбай НҰРҒИСАЕВ.
Қасиетті мерекеде құрбандық шалып, Жаратқаннан сауап алуға асығатындар семіз қойдың бағасы аса арзан емес дейді. Алайда, саудаласу сүннет болғандықтан бағасын шамалы түсіріп алып жатқандар бар. Тұрғындар базардағы малдың құнын ешкім қадағаламаса да, орнатылған бағаға көңілдерінің толатынын айтады.
Қасиетті мерекеде құрбандық шалуға ниет білдіріп, базарда мал сатып алуға келгендерді сөзге тартып көргенімізде, сатып алушылардың бірі: «Қойдың бағаларын келісіп, аздап түсіріп алуға болады. Бағаны қатты көтеруге де болмайды ғой. Дегенмен, екі жақ та разы болуы керек. Ол Пайғамбарымыздың сүннеті. Мәселен, мен 40 мың теңгеге бағаланған қойды саудагермен келісіп, 38 мыңға алдым», деп ағынан жарылса, енді бірі: «Мен өзім сатып алған бағаға өте ризамын. Қойды 32 мың теңгеге сатып алдым. Бордақыланған, семіз қой екен. Бәріңізге Құрбан айт құтты болсын дегім келеді!», деп ризашылығын білдірді.
Биыл Алматыда құрбандық шалатын арнайы 22 орын белгіленіпті. Әр ауданда кем дегенде 2 жерден бар. Қасапханалар санитарлық талаптарға толықтай сай болу керек. Сондай-ақ, мал дәрігері де осында болу қажет. Егер әкімдік белгілеген орыннан тыс жерде мал сойылса, тәртіп бұзған адам әкімшілік жауапкершілікке тартылады.
Шариғат бойынша құрбандыққа қой, ешкі, түйе, сиыр союға рұқсат етілген. Нақтысы, бір жасар қой-ешкі, екі жасар сиыр, бес жасар түйе шалынады. Сойылатын мал арық, ақсақ, соқыр, шұнақ, мүйізі сынған болмауы тиіс. Ұсақ малдың сауабы бір отбасыға тисе, сиыр мен түйені 7 жанұя қосылып шалуына болады.
«Сойылған малдың еті үшке бөлінеді. Бір бөлігі өз отбасымен жейді. Екінші бөлігін туыстарына, көршілеріне береді. Үшінші бөлігін жағдайы төмен отбасыларға азаматтарға тарқатып, садақа ретінде береді. Бірақ мүмкінідігінше, көбірек бөлігін садақа ретінде таратқаны абзал», – деді Алматы қаласының бас имамы Еркінбек ШОҚАЙ.
Ертең айт намазы Алматының орталық мешітінде таңғы сағат 7.00-де оқылады. Одан кейін құрбандық мал шалынып, мешіттің ауласында ұлттық ойындардан жарыс ұйымдастырылады.
Өмір Әнуарбек, Мұрат Тайжан, «Алматы» телеарнасы