Қолына қамшы мен домбыра ұстап, құз басында отырған қазақтың суреті желі қолданушыларын әрі сүйсіндірді, әрі үрейлендірді, деп хабарлайды Baq.kz ақпарат агенттігі.
Соңынан белгілі болғандай, суреттегі ер адам Түркияда тұратын Мұстафа Көк есімді этникалық қазақ екені анықталды.
«Өзім қазақ болған соң, дәл сол жерде ұлттық киіммен бір суретке түссем деген ойым болған еді. Ешқандай қорқыныш болған жоқ. Қарапайым күйшімін. Мал жайып жүріп мұндай биікке үйреніп қалғамын. Қазағым қайда болса да аман болсын. Атамекенім Қазақстанға дұғай сәлем!» – дейді Мұстафа Көк өзімен тілдескен HOLA News тілшісіне.
Сурет жақында Түркиядағы Гюллек қорғаны (Gülek Castle) маңында түсірілген екен. Суреттің авторы – Мұстафа Көктің өз ұлы Халид Найым Көк.