Қызметкер пара алса басшысы да жауапқа тартылады

01.02.2018 21:54

Бұдан былай, мемлекеттік қызметкерлер куәліктерін көрсетіп, кеуде кермейтін болады. Жемқорлыққа қарсы агенттік шенділердің куәліктерін жуырда ID-карталарға ауыстырмақ. Ведомство басшысы Алик Шпекбаевтың айтуынша, бұл бастама кейбір шенеуніктердің қызмет бабын асыра пайдалануына тосқауыл қояды. Сондай-ақ құзырлы орын өкілдерін кеудемсоқтықтан арылтады.

«Біздің алғашқы қадам - қызметтік куәліктерден бас тарту болмақ. Өйткені, мемлекеттік қызметкерлердің көбі оны басқа мақсаттарда пайдаланады. Құзырлы орын өкілдерінің көбі сырт мемлекеттерде іс-сапарда болады. Ол елдерде қызметтік куәліктің ешқандай керегі жоқ. Оның үстіне, куәліктен гөрі бейджикдерді жасатқан әлдеқайда арзан», - деді  ҚР Мемлекеттік қызмет істері және жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Алик ШПЕКБАЕВ.

Сондай-ақ осы күннен бастап қоластындағы қызметкері пара алып ұсталса, оның басшысы да бірге жауапқа тартылады. Бұл шешім - құзырлы орын жетекшілерін кадр мәселесіне жіті мән беруіне түрткі болмақ. Өйткені, соңғы 3 жылда мемлекеттік қызметкерлердің қатысуымен 108 заң бұзушылық дерегі тіркелген екен. 320 маман пара алғаны үшін қамалған. Жемқорлықтың жең ұшынан жалғасуына - құзырлы орын басшылары да айыпты саналады. Себебі білдей бір мекемені басқарып отырған адам - өз қызметкерлерінің жұмысына салғырт қараған болып есептеледі.

«Жемқорлық деректері Алматы, Қызылорда, Атырау, Жамбыл, Қарағанды және Шығыс Қазақстан облыстарында анықталды. Төрт ұйымдасқан қылмыстық топ мүшелері тұтқындалды. Олар денсаулық сақтау, білім беру, ауыл шаруашылығы мен құрылыс салаларында жұмыс істейтіндер», - деді  ҚР Мемлекеттік қызмет істері және жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Алик ШПЕКБАЕВ.