Қызылордада анасын өлтіріп, 9 жасар қызын зорлаған – оқиғаның мән-жайы

Қызылордада анасын өлтіріп, 9 жасар қызын зорлаған – оқиғаның мән-жайы
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Sputnik тілшісі жазғандай, «Ягодка» бақ шаруашылығы бірлестігіндегі халық саны – мың шақты адам. Жергілікті тұрғындар қайғылы оқиғаға тап болған жанұяны берекелі, тыныш отбасы деп біледі екен.  

«Үшеуі ғана болатын, — дейді жергілікті тұрғын Вера Асанова. – Анасы, бастауыш сыныпта оқитын қызы және әкесі. Шыны керек, саяжайды жалдап тұрғанына қарағанда, жұпыны тұрған сияқты. Әкесі оларды асырау үшін Астанаға жұмыс істеуге кеткен».

Қайғылы оқиға отағасы жоқ кезде болыпты.

«Білуімізше, саяжайға екі бейтаныс адам қонаққа келді, – дейді Вера Асанова. – Бірлестікке кірер жолда шағын дүкенім бар, қылмыс жасаған қонақ азық-түлік, қызға балмұздақ алып кеткен болатын».

Дастархан басында ішімдік ішіп отырып, бір кезде қонақтардың бірі қызды зорламақ болады. Анасы баласын қорғауға ұмтылғанда, азғын арам ойын іске асыру үшін әйелді белдікпен буындырып өлтірген.

«Екінші ер адам аулаға жүгіріп шығып, «кісі өлтіргелі жатыр» деп айғайлап көршілерді шақырып, полицияға хабар беруін сұрапты», — деп еске алады Вера Асанова.

Күдікті оқиға орнында ұсталды. Әйел адам сол жерде жан тапсырған, ал сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылыққа ұшыраған қыз ауруханаға жеткізілді.

Жантүршігерлік оқиғаның құрбанын ауыл тұрғындары бірігіп жерлейді, қызына медициналық жәрдем көрсетілген соң, кәмелеттік жасқа толмағандарды бейімдеу орталығына тапсырыпты. Әзірше әкесі оны өз қолына ала алмайды, өйткені тұрақты табысы да, баспанасы да жоқ.

Қызылорда облысы Ішкі істер департаменті хабарлағандай, әйел адамды өлтіру және баланы зорлау деректері бойынша Қылмыстық кодекстің 120-бабы 4-тармағы және 99-бабына сәйкес тергеу жүргізіліп жатыр. Ұсталған күдікті 15 жылдан 20 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы немесе өмір бойына сотталуы мүмкін.

«Қылмыс жасады деген күдікпен Қызылорда облысының тұрғыны ұсталды, қазір уақытша ұстау абақтысына қамауға алынған», — деп мәлімет берді полиция.


Новости партнеров