Қазақ өнері қара жамылды. Көрнекті сахнагер, Қазақстанның халық әртісі Зәмзәгүл Шәріпованы бүгін қазақ жұрты ақтық сапарға шығарып салды. Жүзден аса сан қырлы рөлді сомдаған актрисамен қоштасуға келген кісінің қарасы көп болды.
Адам баласы сендерге не керек?
Жер ме керегі?..
Міне, мына мен жермін,
Мен сенің бәріңе бірдеймін.
Сендердің ешбіріңді алаламаймын.
Мен сендердің қырғиқабақ,
Алагөз тіршіліктеріңді қаламаймын!
Азамзаттың бәрін тең көрген, өмір мен өнерде ешкімді бөліп жармаған, бекзат болмысты дара тұлғаның қазақ өнеріне сіңірген еңбегі орасан. Ақтық демі үзілгенше Халық әртісі деген атағына дақ түсірмеген, тіршілікте адами қасиетіне кір келтірмеген Зәмзәгүл Нүсіпбайқызы ұлттық драматургия мен дүниежүзілік классикадан жүзден аса сан қырлы бейнені сомдаған. Соның ішінде айрықшасы, актрисаның өнердегі бойтұмары – Мұхтар Әуезовтің "Қарагөз" трагедиясындағы Қарагөз бейнесі. Одан бөлек, Ғ.Мүсіреповтің «Ақын трагедиясында» Ақтоқты, Қ.Мұхамеджановтың «Жат елде» драмасында Ева Браун, Ә.Тәжібаевтың «Көңілдестерінде» Дәмеш, С.Жүнісовтің «Ажар мен Ажалында» Ажар, Д.Исабековтің «Әпкесінде» Қамажай рөлдерін сомдады. Қазақ өнерінің шоқтығы биік тұлғасы көркем сөз оқудың хас шебері еді. Ол оқыған С.Сейфулиннің «Аққу әні», М.Әуезовтің «Абай жолы» романынан үзінділер Қазақ радиосының алтын қорына енген.
«Зәмзәгүл Шәріпованың төл өнеріміздің дамуы үшін сіңірген еңбегі жоғары бағаланып, мемлекеттік наградалармен марапатталды. Оның қазақ өнеріндегі ерекше орны мен жарқын бейнесі ешқашан ұмытылмайды деп сенемін. Марқұмның топырағы торқа, жаны жәннатта болғай. Қазақстан Республикасының президенті Нұрсұлтан Назарбаев», – деп қол қойылған Елбасының көңіл айту жеделхатын ҚР Мәдениет жəне спорт министрлігінің жауапты хатшысы Қуатжан Уәлиев жиналған қауымға оқып берді.
Қазақстанның халық әртісі Рахия Қойшыбаеваның радиода жұмыс істеп жүрген Зәмзәгүл Нүсіпбайқызын театрдың қара шаңырағына жетектеп әкелген сәтін оның үзеңгілес достары бүгін зор сағынышпен еске алды. Театрдың анасы атанған әртіс өнердің шыңынан құлаған емес дейді замандас-әріптесері. Сахнадағы серіктестері оның ішкі жан дүниесі сырт келбетінің сұлулығымен үйлесім тапқандай кіршіксіз һәм пәк болғанын тілге тиек етті.
«Табиғат та кең ғой кейде. Осындай адамдарды туғызады өзі. Театр үшін туғызғандай. Оның еңбегін халық жақсы біледі. Асыл дос, партнер, қош, Зәмзәш», – деп тебіренді КСРО халық әртісі Асанәлі Әшімов.
Зәмзәгүл Нүсіпбайқызы киноактриса ретінде де танымал болған еді. Ол режиссер Шәкен Аймановтың «Дала қызында» Нұржамал, «Біз осында тұрамызында» Дина, режиссер Қ.Әбусейітовтің «Өмір жолында» Хадиша, Б.Шәріптің «Заманай мен Аманайында» Ана рөлдерін сомдап, тағы басқа да бірталай кинофильмге, сондай-ақ режиссер Ә.Мәмбетовтің «Абай» телефильміне түскен. Өнер кеңістігінде қол жеткізген жетістіктері өз алдына бір төбе болса, достыққа деген адалдылығы бір төбе еді дейді құрбы-құрдастары.
«Екеуміз шынайы дос болдық. Достыққа керемет, тамаша адам болатын. Оның сомдаған рөлдері аз емес. 100-ден асатын. Ол сегіз қырлы бір сырлы актриса еді. Оның дауысы қандай, алтын дауыс, маржан дауыс!», – деп көзіне жас алды ҚР халық әртісі Нүкетай МЫШБАЕВА.
Талантты тұлғаның марапатталған наградалары да жетерлік. «Отан», «Құрмет», «Халықтар достығы» ордендерінің иегері еді. Бастысы, халық жүрегінің төрінен орын алған, Қазақстанның Халық әртісі деген атаққа сызат түсірмеген. Ұзаққа созылған науқастан 87 жасқа келіп қайтыс болғанымен, Зәмзәгүл Шәріпованың өнердегі орны ешқашан ортаймайды.
Әйкерім Ердәулетқызы, «Алматы» телеарнасы