Алматы нарығында контрафактілік тауарлар азаймай тұр. Сауданың қыр-сырын білетін пысықайлар халық күнделікті тұтынатын азық-түліктен бастап, тіпті, дәрі-дәрмекті де қолдан жасап, танымал тауар белгісінің атымен сатуда. Мәселен, жөтелге қарсы «мукалтин» препаратының көшірмелерін қаладағы екі дәріхана ашық саудалаған. Сөйтсе, әлгі дәрілерге күмәнді қоспалар қосылған екен. Жалған өнімді әшкерелеген Әділет департаментінің мамандары барахолкадағы сауда нүктесін де сүзіп шықты.
Кәсіпкер келіншек Мерейгүлдің барахолкадағы бұл нүктені жалға алып, сөмке сатқанына 3 жылға жуықтапты. Сөреде самсаған тауарлар арасында қыз-келіншектердің жоғары сұранысына ие болған танымал брендті сөмкелер де бар. Әділет департаменті өкілдерінің назарын аударғаны да осы тауарлар. Өйткені, мекемеге бірнеше әлемдік брендттің өкілдері хат жазып, бұл сауда нүктесінде танымал тауар белгісінің атымен шығарылған жасанды сөмкелер емін-еркін сатылып жатқанына шағымданған. Мамандар көп кідірмей, сөредегі тауарларды тәркілеуге кірісті.
«Базардан әр-әр жерден алып осылай сатамыз. Енді жалғыз тек маған тексеріс келіп жатыр. Ол жағын білемін. Енді заңды түрде тексеріс болғандықтан мен оған қарсы шыға алмаймын», - деді кәсіпкер Мерейгүл ЖҰМАХАН.
Тексерушілер танымал тауар белгісінің атымен жасалған 42 сөмкені тәркілеп әкетті. Бұған іштей қынжылған кәсіпкер келіншек базардағы тауарлардың барлығы дерлік жалған жолмен жасалғанын алға тартты. Ал құзырлы мекеме мамандары тексерісті тек шағым түскен орындарға ғана жүргізетінін жеткізді. Мәселен, өткен жылы Алматыда 3 миллион теңге көлеміндегі 2 мыңнан астам контрафактілі өнім тәркіленіп, кәсіпкерлерге де айыппұл салынған.
«Бұл сауда нүктесінде жалған өнімдер сатылып жатқаны туралы ақпарат бізге меншік құқығы иесінен түсті. Біз бірден шағымды Әділет департаментіне жолдап, өнімдерді тәркілеттік. Контрафактілік өнімді сату ең алдымен компанияның беделіне зиян келтіреді. Өйткені, эксклюзивті тауарларды алуға асығатын тұрақты тұтынушылары бар. Сондықтан компания өз клиенттерін қорғайды», - деді меншік құқығы бар компанияның заңгері Жанат НҰРМАҒАМБЕТОВ.
Қазір әсіресе көлік бөлшектерін, бренд маркалы киімдер мен сөмкелерді, тұрмыстық химия және азық-түлік өнімдерін қолдан жасайтындар көбейіп кеткен. Тіпті, дәрі-дәрмекті де танымал тауар белгісінің атын жамылып сату етек жайған.
«2017 жылы Алматы қаласы бойынша 2 жеке кәсіпкерге қатысты осы «мукалтин» дәрі-дәрмек тауар таңбасын заңсыз пайдалану бойынша жоспардан тыс тексеріс жүргізілген болатын. Тексеріс барысында 100-ден аса «мукалтин» дәрі-дәрмегі тәркіленді. Бірінші субъектіден 60-қа жуық, екінші субъектіден 40-қа жуық тәркіленіп, 158-бап бойынша әкімшілік іс қозғалып, оларға айыппұл салынған болатын», - деді Алматы қаласы Әділет департаментінің зияткерлік меншік құқықтары бөлімінің маманы Гүлназ ОҢҒАРБАЕВА.
Айыппұлдарға қарамастан, нарықтағы заңсыз тауарларға тосқауыл қою мүмкін болмай тұр. 2015 жылдан былтырға дейін Алматы қаласында 43 мың дана контрафактілік тауар тәркіленіп, сатылымнан шығарылған. Мамандар тұтынушыларға өнімді сатып алмас бұрын, заттаңбасына мұқият зер салуға кеңес береді. Өйткені, заңсыз жолмен қолдан жасалған тауар денсаулыққа қауіпті болуы мүмкін.
Айдана Мейрамбайқызы, Рашидин Якупов, «Алматы» телеарнасы