Су-27 әскери ұшағының құлауына жанармайдың аздығы себеп болуы мүмкiн

Су-27 әскери ұшағының құлауына жанармайдың аздығы  себеп болуы мүмкiн
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Су-27 әскери ұшағының құлауына жанармайдың аздығы  себеп болуы мүмкiн. Бұндай болжаммен бұрынғы қорғаныс министрі , қазіргі сенатор Мұхтар Алтынбаев  бөлісті. Оның айтуынша, бұл сирек болатын жағдай. Жалпы, ұшқыштың дайындығы жақсы болған. Екі қозғалтқыш тоқтағанда, ұшқыш асқан біліктілік танытып, саспаған. Арнайы нұсқаулық бойынша жұмыс істеген. Ұшақты тастап секіргені, дұрыс болған көрінеді. Алтынбаев қысқы уақытта жанармайды дайындаудың өз ерекшеліктері барын айтты. Олқылық не де болса осы тетіктен кетуі мүмкін.


«Бұл сирек болатын жағдай. Қозғалтқыштың екеуiнiң тоқтауы бұрынғы кезбен салыстырсақ болмайтын жағдай деуге болады. Ұшқыш өте жақсы дайындалған. Тек ұшар алдында жанармай жағын жақсылап тексерулері керек еді. Сараптама нақты неден апаттың болғанын көрсетеді алдағы уақытта»,- деді ҚР парламенті сенатының депутаты, Мұхтар АЛТЫНБАЕВ.¤


Естерiңiзге сала кетейiк, 21 желтоқсанда түнгі оқу-жаттығу кезінде Су-27 әскери ұшағы апатқа ұшырады. Ұшақ Талдықорғаннан шамамен 25 шақырым жерде құлаған. Ұшқыш майор Әдiлбек Ысқақов бар мүмкіндігін салып, ұшақты елді мекеннен аулаққа алып кеткен. Сөйтіп,  өзі катапультпен секірген. Оқиғаның себебі мен мән-жайын  қазір Қорғаныс министрі тағайындаған комиссия анықтап жатыр. Ал, Су-27 әскери ұшағын басқарған ұшқыш майор Әділбек Ысқақов госпитальдан шығып, қызметін жалғастыруға дайын екенідігін мәлімдеді.


«Оқиға орын алған жерде мен тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін, өзіме тапсырылған міндеттерді атқардым. Ұшақты оқшау жерге апарып, катапульт арқылы секірдім. Қазір жағдайым жақсы. Әскери госпитальдан шықтым. Қызметіме кірісуге дайынмын»,- деді "СУ-27" әскери ұшағының ұшқышы, майор, Әділбек ЫСҚАҚОВ.







Новости партнеров