Алматыда 150-ден астам көше жаңарды

03.08.2018 в 04:11

БРТ дәлізіне жеңіл автокөліктер кедергі келтірмеуі тиіс. Мұндай тапсырманы  Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек тапсырды.

Қаланың тығыз орналасқан аудандарын қамтитын Тимирязев көшесі бойындағы жүрдек автобус дәлізі көлік нөпірін азайтуға едәуір септігін тигізбек. Жаңа оқу жылына қарай пайдалануға берілетін бұл дәліз жолаушылардың уақытын да үнемдейді.

Көшелерді қайта жөндеумен қатар мұнда тротуарларды, арықтарды, веложолдарды жөндеу, инженерлік желілерді қайта орналастыру, заңсыз құрылыстар мен қоршауларды алып тастау қатар жүруде. Қозғалыс бөлігіндегі жол- құрылыс жұмыстарын биылғы жылдың аяғына дейін аяқтау жоспарланған.  

Жұмыс сапары барысында мегаполис басшысы Назарбаев даңғылын Жансүгіров көшесіне дейін созу жұмысымен танысты. Бұл Сейфуллин даңғылындағы көлік жүктемесін азайтады.

Айта кетейік,  осы жазда Алматыда ұзындығы 160 шақырым  болатын 150 -ден астам көше жаңарды. Барлық  жерасты өткелдері күрделі жөндеуден өтуде. Орталықтандыру қағидасы бойынша  қаланың барлық аудандары абаттандырылып жатқаны тағы бар.

Егер өткен жылы 500 аула қалпына келтірілсе, биыл қаланың барлық ауданында тағы да 600-ден астам аула жаңармақ. Соңғы жылдары мегаполисте 800 шақырым  инженерлік желі, соның ішінде 313 км су құбыры, 266 шақырым кәріз құбыры, 150 км электр және 32,3 шақырым  жылу желілері қайта жасалып жөнделді.