Мәдениет және спорт министрі Қазақстанға жиі саяхаттап келетін елдерді атады

28.06.2017 в 16:23

Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы Қазақстанға жиі саяхаттап келетін елдерді атады. Олардың көпшілігі ТМД елдері және Қытай, Түркия, Иран елінің азаматтары. Министр елімізге келетін еңбек мигранттарын да саяхатшылар ретінде есептейтінін жеткізді. Ал қазақстандықтардың 92 пайызы ТМД елдерін, қалған 8 пайызы Еуропа мен өзге елдерге саяхаттағанды ұнататын көрінеді. Үкімет отырысында сөз болған туризм мәселесі бойынша, Арыстанбек Мұхамедиұлы мәліметтердің нақты болуы үшін жұмыстардың атқарылып жатқанын баян етті. Оның айтуынша, Статистика комитеті, Дүниежүзілік туризм ұйымы және бірнеше компаниялармен бірігіп, деректерді нақтылауға кірісіпті. Десек те, елімізге келген шетелдіктер саны жыл санап артып келеді.

«Қазіргі уақытта Республикадағы туризм саласы келесі негізгі көрсеткіштермен айқындалды: 2016 жылы ішкі келушілер 9,6 миллион адам болса, елімізге келген шетелдіктер саны 6,5 миллионды құрады. Деректерге сәйкес, шетелдіктердің 90 пайызы ТМД елінің азаматтары. Қалған 10 пайызы Қытай, Түркия, Иран және өзге дамыған елдердің азаматтары», - деді Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек МҰХАМЕДИҰЛЫ.

Дүниежүзілік экономикалық форумының туризм және саяхат бәсекелестігінің индексі бойынша 2017 жылы Қазақстан 136 елдің ішінде 81 орынға тұрақтапты. Ал, Біріккен Ұлттар Ұйымы жанындағы дүниежүзілік туризм ұйымының бас хатшысы Талеб Рифаи еліміздегі осы саланы дамыту үшін өзінің бірнеше ұсынысын айтты. Айта кетейік, ол Үкімет отырысында алғаш рет сөз алған болатын. Оның айтуынша, Қазақстанға келу тез, арзан және жеңіл болу қажет. Үкіметке жасаған ұсынысында ол әуе қақпасын халықаралық рейстерге барынша ашуды да айтты және Қазақстанды көбі біле бермейді, сол себепті туризмді дамыту қажеттігі туындапты. Қызмет көрсету саласын да білікті мамандармен толықтыру керек.