Бұқараның базынасын білуге мәжіліс депутаты Гүлжан Қарақұсова арнайы Алматыға ат басын бұрды. Халық қаулысы Бостандық ауданының тұрғындарымен кездесуді жөн санаған. Жиналған жұрттың басым бөлігі пәтер иелері кооперативінің жұмысы көңілден шықпайды деп шағымданды. Ал ПИК жетекшілері керісінше, жауапсыз тұрғын үй иелерінің де толып жатқандығын алға тартуда. Оған қоса, тұрғын үйдің коммуналдық төлемінің қарызы да шаш етектен. Қос тараптың тартысын ортақ мәмілеге келтіруге аудан әкімі де кірісіп кетті.
«Коммуналдық төлемнің қарызы біздің ауданда 438 миллион теңгеге жеткен. Әр мекеме өз қарызының өтелуі үшін сотқа шағымданып, мәселені шешу керек. ПИК жетекшілері мен аудан тұрғындарына да айтарым сол. Барлығын бір мезетте реттеп тастау мүмкін емес. Мәселен, Бостандық ауданында 113 мың тал бар, бірақ бір жылда соның 500-ін ғана кесуге рұқсат береді. Тұрғындар ПИК-ке ақшасын уақытында төлеп, оларда өз кезегінде жұмыстарын тиянақты дер кезінде атқаруы керек»,- деді Бостандық ауданының әкімі, Бекқали ТОРҒАЕВ.