Кеңсайдағы өртті өшіруге атсалысқан балалар далада қалу мүмкін

23.01.2018 21:12

Алматыда батыр балалар көше кезіп кетуі мүмкін. Былтыр күзде Кеңсайдағы алапат өртті ауыздықтауға ат салысқан өрендер саяжайдағы ескі үйді қожайындарына босатып беруге мәжбүр. Көне тамды бірнеше жыл паналап келген отбасы: «барар жеріміз, басар тауымыз қалмады!» - деп, ендігі күніне елеңдеп отыр. Үй иесі баспананы басқа адамдарға сатып жіберген екен. Ал жаңа қожайындары жүдеу-жадау тұрмыс кешкен отбасыға әлгі үйді алдағы көктемге дейін босатуларын талап етіпті. Бұғаналары әлі беки қоймаған балалардың алдағы күні не болары белгісіз.

Қабырғасы әлі қата қоймаса да, бастарын қауіп-қатерге тігуден тайсалмаған  балалар Кеңсайдағы өртті өшіруге осылай ат салысқан. Былтыр күзде саяжайдағы шағын алқап қызыл жалынға оранғанда, төңіректегі үйлер түгелдей күлге айналама деп қатты қорқыпты.    

Құтқарушыларға қамдасқан балалардың ең кішісі бірінші сыныпта оқиды. Үлкені биыл 15-ке келеді. Олардың батыл әрекеттерін төтеншеліктер ескерусіз қалдырмапты. Арнайы жиында марапаттап, Мәскеудегі шырша кешіне жолдама берген. Бірақ тілсіз жаудан жандарын шүберекке түймеген олардың нақ шошитын кезі енді келгендей.

Қақаған қара суықта қалақтай балалар далада қалу мүмкін. Әкелері осыдан 2 жыл бұрын сотталып кеткен екен. Маскүнемдерден отбасын қорғаймын деп, амалсыз қару кезеніпті. Ал шешелері жалданып қана жұмыс істейді. Құрқылтайдың ұясындай ғана мына бөлмені де уақытша паналап отыр.

«Күйеуім 2016 жылы қамауға алынды. Содан бері жағдайымыз күрт нашарлап кетті. Біз паналап отырған бұл үйді иесі басқа адамдарға сатып жіберіпті. Енді жаңа қожайындар баспананы қыс біткенше босатуымызды талап етуде. Басар тауымыз, барар жеріміз қалмады. Кімнен көмек сұрарымызды білмейміз», - деді    Виктория СЕМЁНОВА.

Жомарт жандардың жәрдеміне мұқтаж отбасы қас қарайса зәрезап болады. Төңірекке түнде маскүнемдер топтасып, маза бермейді екен. Үйдегі ананың түздегі балаға алдаңдайтыны сондықтан. Өрендер мектепке осы жолмен жаяу  барады. Өйткені, жаяу адамның өзі әрең шығатын жотаға көліктің көтерілуі екіталай.

Тағдыр тәлкегіне түскен отбасыға әзірге еріктілер көмектесіп жүр. Олар жұрттан жиналған жылуға азық-түлік пен киім-кешек әкеліп береді. Бірақ бұл да жыртыққа жамау болмай тұр.

«Бұл балалардың өз үйі болғанын қалаймыз. Немесе жер телімін тегін беретін адамдар табылса жақсы болар еді. Еріктілермен бірлесіп, құрылыс материалдарын сатып алуға жәрдемдесер едік. Бастысы - балалар далада қалмаса екен. Азық-түлік пен киім-кешектерін өзіміз алып беруге дайынбыз», - деді қоғам белсендісі Наталия ВАСИЛЕНКО.

Батыр балаларды тәрбиелеп отырған отбасыға көмек көрсетуге дайын жандар экранның төменгі бөлігінде көрсетілген мына телефон нөмірлеріне хабарласа алады. Қыстың беті қайтқанша, қамдасып қалар жанның табыларына қайсар балалар қалтқысыз сенеді.

Дастан Сейілханұлы, Қанат Кигізбаев, «Алматы» телеарнасы