Бүйрегі ауыстырылған қыздың анасы еріктілерге 10 млн теңге қайтарып беру керек

Бүйрегі ауыстырылған қыздың анасы еріктілерге 10 млн теңге қайтарып беру керек
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыда туған қызының еміне халықтан жыларман болып ақша сұрап, ізінше жиналған қаражатты басқа мақсатқа жұмсаған әйел айыпты деп танылды. Бостандық аудандық соты Ақмарал Жақсылықованың әрекетін заңсыз деп тауып, қайырымдылық қорынан оған берілген 12 млн теңгенің 10 млн теңгесін қайтарып беру туралы шешім шығарды. Еріктілер әлгі ақшаны былтыр небәрі 2 айда жинап, мұқтаж жанға тапсырған екен. Алайда, бүйрекке зәру болған Жанел Жайлауованың анасы белсенді жастар табыстаған қаржының тең жартысын өзге қажеттіліктеріне жаратып жіберіпті. Ал, келісімшартта қомақты қаражат тек науқас қыздың отасына ғана жұмсалуы керек деп көрсетілген. Осы тұста, 12 жастағы Жанелге операция Үкімет тарапынан тегін жасалған. Ал, қажетті ағзаны қыздың туысы өз еркімен берген екен. Осыны ескерген сот бірнеше айға созылған даулы іске нүкте қойды. Енді айыпталушы тарап соттың шешімін 1 айда даулап, аппеляциялық шағым түсіре алады.    

«Бостандық аудандық сотының шешімімен, Ақмарал Жақсылықова айыпты деп танылып, еріктілерге 10 млн теңге қайтарып беруге міндеттеледі. Қалған 2 млн теңгені  басқа қайырымдылық қоры бөлгендіктен, ол ақша қайтарылмайды. Сот шешімі күшіне енген күннен бастап, айыпталушылар оны 1 айда қайта қарап, аппеляциялық шағым түсіре алады», - деді судья Әйгерім ҚАЛИЕВА.

Есте болса, былтыр жазда біздің тілшілер Жанел Жайлауованың жағдайын көрсеткен еді. Ол кезде қаршадай қыз Ақсай балалар ауруханасында ем қабылдап жатқан. Дәрігерлер науқасқа шұғыл түрде бүйрек қажет деп, донор іздеуге кіріседі. Кейін тап сондай отаның Израильде жасалатыны мәлім болады. Операция құны шамамен 30 мың евроға бағаланған. Ізінше, жағдайы жұтаң отбасы шарқ ұрып, халықтан жылу жинауға кіріседі. Бұл іске Алматының еріктілер тобы да жұмылып, тиісті ақшаны жинауға септіктерін тигізген еді.  Енді қайтарылған ақшаны еріктілер тобы жәрдемге мұқтаж басқа балалардың еміне жұмсауды көздеп отыр.


Новости партнеров