Маңғыстауда 15 жастағы қызды алып қашқан жігіт бес жылға сотталуы мүмкін

21.06.2018 19:13

15 жастағы қызды алып қашқан Маңғыстау ауданы, Шетпе кентінің тұрғынына қатысты қылмыстық іс қозғалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

МО ІІД баспасөз қызметінің хабарлауынша, осы жылдың сәуір айында 21 жастағы жігіт үйленбек ниетте кәмелет жасына толмаған ауылдас қызын алып қашқан. Енді ол осы әрекеті үшін 5 жылға бас бостандығынын айырылуы мүмкін.

«Аталған дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 122-бабы 1-бөлігі (Он алты жасқа толмаған адаммен жыныстық қатынас немесе сексуалдық сипаттағы өзге де әрекеттер жасау) бойынша қылмыстық іс қозғалды. Ол МО ІІБ-нің сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне тіркелді»,-делінген баспасөз хабарламасында.

Ал жігіт қылмыскер емес екенін, алып қашқан қыздың желтоқсанда 16-ға толатынын алға тартуда. Олар 2 ай бойы бірге тұрған.