Маңғыстаудағы жол апатында алты Өзбекстан азаматы тірідей өртеніп кетті

03.03.2018 01:31

Маңғыстау облысындағы жол апатынан еңбек мигранттары тірідей жанып кетті. Апат орнында жан тапсырған жеті адамның алтауы Өзбекстан азаматтары. Қазір оқиғаның мән-жайын құзырлылар анықтап жатыр. Есте болса, 18 қаңтарда Шымкент-Самара халықаралық тас жолында 52 еңбек мигранты осыған ұқсас жағдайда қаза тапқан болатын.

Куәгерлер таспаға түсірген бұл жантүршігерлік оқиға кеше, 1 наурызда болған.  Ақтау-Бейнеу тас жолында жеңіл және жүк көліктері соқтығысқан. Салдарынан Lada Largus көлігі өртке оранып, ішіндегі жеті адам сол мезетте жанып кетті. Өзбекстан Республикасының еліміздегі елшілігі опат болғандардың алтауы өзбек елінің азаматтары екенін растап, олардың туыстары үшін қауырт желі де ашты. Ал жетінші азамат, яғни көлік тізгіншісі туралы мәлімет нақтылануда. Қазір елімізде осы оқиғаға қатысты Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 345-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Соңғы ақпарат бойынша, апатта қаза тапқандардың туыстары Маңғыстауға келіпті. Олар ДНК сараптамаға қатысулары тиіс. Қазір Өзбекстанның Төтенше жағдайлар министрлігі бүгіннен қалдырмай опат болған 6 азаматтың денесін Отанына жеткізу жұмыстарын жоспарлап отыр. Айта кетейік, бұл оқиға 18 қаңтарда Ақтөбе облысында болған жантүршігерлік көлік апатынан кейін орын алып отыр. Сол кезде Самара-Шымкент күре жолында өртке оранған автобустағы 52 адам тірідей жанып кеткен болатын. Олардың барлығы жұмыс іздеп, Ресейге аттанған Өзбекстан Республикасының азаматтары еді. Ал аман қалған бес адамның үшеуі қазақстандық болса, қалған екеуі өзбек азаматтар болатын. Сол кезде құзырлылар «апаттың көліктегі техникалық талаптар ескерілмеуі салдарынан орын алды» деп шешім де шығарды. Осы оқиға халықаралық және қалааралық бағыттарға қатынайтын көліктерге тексеріс жұмыстарына себеп болды. Республика көлемінде «Автобус» арнайы шарасы жүргізілді. Нәтижесінде, еліміздегі жолаушы тасымалдайтын әр 6-шы автобус техникалық талапқа сай еместігі анықталыпты. Тексеріс кезінде 780 көліктің міндетті техникалық бақылаудан өтпеген. Сонымен қатар, 65 автобус жолға шығар алдында тексеріс жасамаған. Сондай-ақ жолаушылар көлігін мас күйінде басқарғандары үшін 14 жүргізуші жазаланды. Ал автобустың орындықтарын төсекке өзгерткен 312 факт тіркеліпті. «Автобус» операциясының қорытындысы бойынша, Ішкі істер министрлігі жолаушылардың қауіпсіздігі мен жайлылығын жақсарту мақсатында жауапты органдарға ұсыныс әзірлеген. Дегенмен, қала аралығында жолаушылар тасымалдайтын көліктердің сапасы жақсы деу әзірге қиын болып тұр.


Азамат Әуезхан, Влад Шишко, «Алматы» телеарнасы