Мәслихат отырысында Алматы қаласының 2018 жылғы бюджеті бекітілді

Мәслихат отырысында Алматы қаласының 2018 жылғы бюджеті бекітілді
Жаңалықтармен бөлісіңіз

431 миллирад 2 миллион теңге. Бұл - келесі жылы Алматы қаласының дамуына жұмсалатын соманың көлемі. Мәслихат отырысында оңтүстік астананың 2018-ші жылғы бюджеті бетіктілді. Қаражаттың басым бөлігі қандай салаға бөлінбек?

Келесі жылдан бастап Алматыны абаттандыру мықтап қолға алынбақ. Сол үшін де қаланы көгалдандыру мен экологиялық жағдайын жақсартуға бюджеттің басым бөлігі жұмсалады. Бұдан бөлек, келесі жылдың еншісінде қаланың тарихи орталығын қайта жасау жұмыстары жалғасады. Нақтырақ айтсақ, Төле би көшесі - Достық даңғылы- Абай даңғылы- Есентай өзенінің жағалауы енген 178 га жер көріктендірілмек. Оған қоса, 17 жаяу жүргінші аймағы абаттандырылады. Биыл 28 шақырым арық жүйелі жөндеуден өткендігін ескерген мамандар, келесі жылы тағы 74 шақырым арықты кілтипансыз кейіпке келтірмек. Ал Республика алаңының айналасын халықаралық стандартқа сай етіп аяқтау да, келісі жылғы жоспарда. Сол үшін де жасыл аймақты дамытуға биылғыға қарағанда 6  есе көп қаржы қарастырылған.  

«Алматыны абаттандыруға 35,9 миллиард теңге қарастырылды. Соның ішінде 435 ауланы жөндеуге 8 миллард теңгеден астам қаржы бөлінеді. Көшені тазалауға 10 миллиард теңге, жарықтандыруға 2,3 миллиард теңге, арық пен кәріз құбырларының қайта жөндеуіне 1,2 миллиард теңге қарастырылады», - деді Алматы қаласы Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Ілияс ҮСЕРОВ.

Биыл Алматының автобус паркі 30 пайызға жаңағарғаны жалпақ жұрттың есінде. Оған қоса, 180 шақырым жолдың жөнделгені тағы бар. Келесі жылы да, жоғары сапалы қызмет көрсететін жаңа қоғамдық көлікке субсидия бөлінеді. Бұл  600 мыңнан астам қалалықты жеңілдетілген кесте бойынша тасымалдау жалғасады деген сөз. Ал «Достык», «Сарыарқа» метро бекеттерінің құрылыс қарқыны тоқтамайды. Қос бекет іске қосылғанда жолаушы легі 1,5 есеге артып, жылына 18 миллион бұқара тасымалданады.  Бұдан бөлек, биыл ғана жоғары жылдамдықпен жүретін автобус арқылы қатынайтын оңтүстік астаналықтардың қуанышы келесі жылға да ұласады.  Осы жылы БРТ бағытының 2 жарым шақырымнан астам жолы пайдалануға берілді. Енді 2017 жылы басталған істің екінші кезегі жалғасын табады. Осылайша, қоғамдық көлік пен көлік инфрақұрылымын дамытуға барлық шығынның бестен бір бөлігі жұмсалмақ.

«Көлік инфрақұрылымына 34  миллиард теңге бағытталып отыр. Ал 250 аялдаманың құрылысына 396 миллион теңге бөлінді. Қоғамдық тасымалдауға жұмсалатын субсидия көлемі 12 миллиард теңгеден астам, 129 су жаңа бағдаршамға 593 миллион теңге ақша жұмсалады. Жолдың күрделі жөндеуі мен көпір құрылысына 612 миллион теңге қарастырылады», - деді Алматы қаласы Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Ілияс ҮСЕРОВ.

Қазынаның қаражаты қаланың қауіпсіздігін де қамтыды. Сел қаупінен қорғану үшін 2018 жылы моренді көлдерге мониторинг жүргізудің цифрлы жүйесі қолға алынады. Қазіргі кезде олар тікұшақ арқылы ғана бақылануда. Үстіміздегі жылы Алматыда қымбат насосты стансаларды іске қосудың арқасында ең қауіпті 9 моренді көлдің сулары тартылған еді. Бұдан бөлек, әлеуметтік нысандардың да сейсмикалық жүйесі жақсарып келеді. Мәселен, осы жылы  6  балабақша, 20 мектеп, 1  балалар үйі зілзалаға төтеп бере алатындай жаңартылды. Ал денсаулық сақтау саласының 8 ғимаратының сейсмикалық күшейту жұмыстары аяқталуға жақын.

«Келесі жылы 8 балабақша құрылысы басталады деп күтілуде. Оған 3 жарым миллиард теңгеден астам қаражат кетпек. Сондай-ақ 2 мектептің құрылысы аяқталады. Оған қоса педагогикалық колледждің қосымша құрылысы қолға алынады. Ал денсаулық сақтау саласына 113 миллиард теңгеден астам қаржы қарастырылған. 4 медициналық мекеме мен дәрі-дәрмекпен екпені қамтамасыз ету  үшін 1,3 миллиард теңге жұмсалады. Ал құрал-жабдықтарды сатып алуға 5 миллиард теңгеден астам қаржы қарастылады», - деді  Алматы қаласы Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Ілияс ҮСЕРОВ.

Жергілікті әмияннан әлеуметтік қорғауға 8,8 млрд. теңге бөлінеді. Оның 730 миллион теңгесі  20 мыңнан астам адамға төленетін әлеуметтік төлемдер мен жәрдемақыға жұмсалады. Мүмкіндігі шектеулі жандарға 3 миллиард теңгеден астам қаржылай көмек көрсету қарастырылған. Айта кетерлігі, Алматының дамуы әдеттегілей адымды. Соңғы 11 айдың ішінде оңтүстік астананың негізгі капиталына тартылған инвестиция көлемі 15 пайыздан асып жығылған.  

Әйкерім Ердәулетқызы, Ялкунжан Әшімжанов «Алматы» телеарнасы


Новости партнеров