Конституция күні: Астанада ұлттық спорттан жарыстар өтіп, концерттер ұйымдастырылды

30.08.2018 21:08

Бүгін Қазақстан халқы Конституция күнін тойлап жатыр. Осыдан 23 жыл бұрын қабылданған Ата Заң кез келген мемлекеттің, елдің тәуелсіздігін, демократиялық құндылықтарын айқындайтын негізгі құжат. Онда мемлекеттің барлық құрылымдарының, жеке азаматтардың, ұлт пен ұлыстардың, әлеуметтік топтардың мақсаттары, міндеттері, құқықтары көрсетіледі.

Астанада мереке қарсаңында таң атпастан түрлі тақырыпта көрмелер өтіп, кешқұрым бес сағаттық отандық жұлдыздардың қатысуымен ұласатын концерт ұйымдастырылады.      

Астанада Конституция күнін тойлау жылда қызықты өтеді. Биыл да осы үрдіс жалғасты. Бір сағат бұрын қалалық ипподромда Ұлттық спорт түрлерінен бүгінгі айтулы күні Астана қаласының 20 жылдығы аясында «Ұлы дала рухы» республикалық фестивалі басталды. Келген жұртты қандай қызықтар күтіп тұрғанын ұйымдастырушылар айтып берсін.

«Қазіргі таңда бұл жарысқа 11 елдің 25 спортшысы қатысып жатыр. Біз бұл жарысты екінші рет өткізіп отырмыз. Жалпы, Қазақстанда жамбы ату мен садақ ату спортын жандандыру 2014 жылдан бастап қолға алына бастаған. Осы қысқа уақыт аралығында біздің спортшыларымыз жақсы нәтиже көрсетіп келеді. Мысалы, былтыр ғана өткен тұңғыш жарыста күмәс және қола жүлделерді біздің елдің спортшылары алған еді. Румыния, Болгария, Моңғолия, Қырғызстан, тіпті Оңтүстік Африка Республикасының спортшылары осы жерде бақ сынап жатыр. Жарыс екі күнге созылады. Жалпы жүлде қоры – 4 миллион теңге», – деді ҚР Ұлттық спорт қауымдастығының атқарушы директоры Рахат ЖАҚСЫБАЙ.

Көкпар, бәйге, теңге ілу, аударыспақ, қазақ күресі, тоғызқұмалақ, асық ату түрінен өтетін жарыстар дара түрде емес, командалық тәртіпте өтеді. Ақмола облысынан өз бағын сынауға 20 шақты команда келген. Әрқайсысының жүлдеден үміті зор.

Ал Конституция күніне орай Астанада қандай шаралар өтеді деген қала тұрғындарына айтарымыз да бар. Мерекелік бағдарлама Астана маңындағы барлық кенттерде өтеді. Сәкен Сейфуллин атындағы «АЛЖИР» мұражайлары мен Тәуелсіздік сарайында тақырыптық кештер өтеді. Ең басты мерекелік шара – қазақстандық эстрада жұлдыздарының қатысуымен өтетін концерт. Хит әндердің орындаушылары тыңдармандарын қала әкімдігінің алдындағы алаңда күтеді. Шара сағат 18.00-де басталып, түнгі 11-ге дейін жалғасады.


Нұржан Сәдірбай, «Алматы» телеарнасы, Астана