«Матч ТВ» телеарнасы Денис Тен туралы арнайы шығарылымын көрсетеді

06.08.2018 18:02

Арнайы шығарылымның түсірілім жұмыстары Мәскеуде, Сочи мен Алматыда өтті, деп хабарлайды Baq.kz ақпарат агенттігі matchtv.ru сайтына сілтеме жасап.

8 тамыз күні сағат 17:55-те «Матч ТВ» телеарнасында Алексей Ягудин жүргізетін «Тает лед» бағдарламасының қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы, 2014 жылы өткен Олимпиада ойындарының қола жүлдегері Денис Тенге арналған арнайы шығарылымы болады.

Денис Тен 16 жасында Лондонда өткен Олимпиада ойындарында ерлер арасындағы чемпионаттың ең жас қатысушысы және Олимпиадада жалғыз өнер көрсетіп финалға өткен алғаш қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы болды.

Биыл 19 шілдеде Денис Тен ұрылардың қолынан жарақаттанып, қаза тапты.

«Тает лед» бағдарламасының арнайы шығарылымында Денис Тенмен жақын дос болған Алексей Ягудин спортшының достарынан, жаттықтырушыларынан сұхбат алған. Олардың ішінде актер Санжар Мәди, режиссер және сценарист Игорь Цай, Денис Теннің алғашқы жаттықтырушысы Елена Водорезова, сондай-ақ, Денис Тенмен 6 жыл жұмыс істеген, ресейлік мәнерлеп сырғанаудың көрнекті жаттықтырушысы Татьяна Тарасова және басқа да мәнерлеп сырғанаушылар бар.

Жаттықтырушы Елена Водорезованың айтуынша, болашақ мәнерлеп сырғанаушы мұзда сырғанауды бала кезінен жақсы көрген. Оның ең жақын досы да, менеджері де анасы болған. Спортшы өз елімен мақтанатын және мемлекетін әлемге әйгілі етуді армандайтын, деп еске алады жаттықтырушы.

«Денис мен үшін мәнерлеп сырғанаушы ғана емес, жақын досым болған. Біз жиі әңгімелесіп тұратынбыз. Ол менің кеңестерімді досым ретінде мұқият тыңдайтын. Мен Қазақстанға барған сайын онымен кездесіп кетуге тырысатынмын. Қайғылы жағдай орын алғаннан бір күн бұрын онымен хабарласқан едім. Мен үшін Денис Теннің құрметіне арналған бағдарламаны түсірудің маңызы зор», – дейді мәнерлеп сырғанау бойынша әлем чемпионы және бағдарлама жүргізушісі Алексей Ягудин.


Теги: Денис Тен