Мәулен Әшімбаев: Қазақстандағы кітапханалар заманауи білім орталықтарына айналады

12.06.2018 17:10

Қазақстандағы барлық университеттер өз кітапханаларын онлайн жүйеге қосады. Бұл туралы Алматыға жұмыс сапарымен келген «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев айтты. Оның ойынша, тозығы жеткен оқу залдары Жамбыл атындағы кітапхана секілді заманауи орталықтарға айналуы тиіс. Жаңа жобаның арқасында қордағы кей кітаптарды өзге аймақтағы оқырмандар да оқи алады. Мұнда 100 ден астам басылым электронды форматқа аударылған. Әшімбаев әсіресе Алматы мен Астанада негізгі кітаптарды электронды түрге айналдыру керек екенін айтты. Ал өңірлік маңызы бар баспалармен сол аймақтар айналысады. Біріңғай онлайн-кітапханаға сондай-ақ, барлық кітапхана орталықтары қосылады.

«Елбасының тапсырмасымен рухани салаға ерекше көңіл бөлініп жатыр. Сондықтан партия осы кітапханаларға көбірек көңіл бөліп, кітапханаларды жаңғыртуға өзінің үлесін қосуға біздің жобамыз осы мақсатқа арналып отыр»,-деді  «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Мәулен ӘШІМБАЕВ.

Жамбыл атындағы жасөспірімдер кітапханасын күрделі жөндеуден соң келушілері коворкинг стилінде қарсы алды. Яғни, оқырмандар мұнда тек қана кітап оқымай, өз жобаларын, идеяларын талқылай алады. Ұшқыр интернет қосылған кітапханада оқырмандар үшін қордағы кітаптар мен мақалалар тізімінің электронды базасы енгізілген компьютерлер тағы бар. Қоса кетейін, бұл орталыққа «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында күрделі жөндеу жүргізілген болатын.

«Кітапхананың  моделі тек кітап оқып қана қоймай, демалатын кафетериі бар. Болашақта кинотеатры да салынуы мүмкін. Ол дегеніміз  жастар шығармашылыққа да бейім болып, еркін болуына жастардың осындай жағдай керек»,-деді Жамбыл атындағы жасөспірімдер кітапханасының қызметкері  Еркін ЖАНТАС.