Мәулен Әшімбаев оқушыларға арналған жаңа ІТ-сыныптар туралы айтып берді

01.06.2018 в 19:26

"Нұр Отан" партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев партияның қазіргі жобалары туралы айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

"Партия Төрағасының тапсырмаларына сәйкес, 22 жаңа жобаға бастамашылық жасалып, әзірленді. Олар біздің идеологиялық күн тәртібімізді жүзеге асыруға және партияның өзін жаңғырту бағытында жұмыс істеп жатыр. Қазіргі кезеңде цифрландыруға айрықша мән беріліп отыр, себебі бұл сала еліміздің бәсекеге қабілеттігін арттыруда маңызды рөл атқарады. Мемлекет тарапынан ІТ- өнімдерді құру шаралары белсенді түрде ынталандырылып келеді, алайда оларды пайдаланатын әрі дамытатын орта өкінішке қарай тиісті деңгейде дайын емес. Осыған байланысты партия Үкіметпен және "Атамекен" ҰКП-мен, әкімдермен бірлесе екі жобаны іске асыруды бастады, яғни олар цифрлық ортаны дамытуға бағытталған", - деп нақтылады М. Әшімбаев ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен өтіп жатқан «Нұр Отан» Саяси кеңесінің кеңейтілген отырысында

Осы орайда ол халықты цифрлық дағдыларға оқытуға, ел тұрғындарын ІТ өнімдерді пайдалануға тартуға, сондай-ақ ІТ кадрларды даярлауға екпін қойылып отырғандығын атап өтті.

"Осы жобалар айналасында "Цифрлық Қазақстан" мемлекеттік бағдарламасын түсіндіру бойынша партияның жұмыстары жүріп жатыр. Біздің бірінші жоба үш жылдың ішінде Төрағаның тапсырмасы бойынша бір мың тегін ІТ-сыныбын ашуға арналған. Жоба бағдарлама жасау мен робот техникасын оқушылар тарапынан тереңдетіп факультативтік зерттеуге арналған. Жыл сайын осы сыныптарға 150 мыңға дейін балалар келе алады", - деді Әшімбаев.

Оның сөзіне қарағанда, аталған сыныптарда білім беру еуропалық стандарттарға сәйкес келетін арнайы бағдарламалар базасында ІТ- мамандармен жүргізіледі. Биыл еліміз бойынша 280 сыныпты ашу жоспарланып отыр. Бүгінде 59 ІТ-сынып Ақтөбе, Қарағанды, Павлодар, Маңғыстау, Қостанай облыстарында, сондай-ақ Астана мен Алматы қалаларында ашылды. Бұл шаралар "Туған жер" бағдарламасы аясында демеушілік көмек есебінен іске асырылды.

"Ал екінші жоба ІТ-мамандарды даярлауға негізделген. Бұл тұрғыда ақпараттық технологиялар саласында білікті мамандардың пулын құруға бағытталды. Оның аясында қазақстандық ІТ-компаниялар мен өңірлік ЖОО-лар базасында 20 ІТ-орталықты ашуды көзделіп отыр. Осы орайда жылына 35 мыңға тарта адамды, оның ішінде жұмыссыз әрі өзін-өзі жұмыспен қамтыған жастарды оқыту ескерілген", - деді Мәулен Әшімбаев.