Медеу мұз айдынына келушілердің саны рекордтық көрсеткішке жетті

28.03.2018 17:21

Медеу мұз айдынына келушілердің саны рекордтық көрсеткішке жетті. Биыл демалыс орнына барғандар саны 355 мыңды құрапты. Бұл былтырғы жылмен салыстырғанда 20 мыңға көп. Мұз айдында қысқы маусымның  жабылғанына бүгін екінші күн.  Әйтсе де, алматылықтар әлі «Шымбұлақ» шатқалына шығып, салауатты өмір салтын белсенді түрде жалғастыра алады. Алатау баурайында орналасқан бұл тау-шаңғы спорт кешеніне келушілердің қарқыны жыл сайын артып келеді. Шымбұлақтың керемет табиғатын тамашалап, таза ауасын тыныстауға, әрі  шаңғы тебушілерге қысқы маусымның соңғы айында 30 пайыз жеңілдік қарастырылыпты.

«Салауатты өмір салтын сақтайтын қалалықтар көбейді. 2017 жылы 530 мың келуші болса, оның 170 мыңы шаңғы тебушілер болды. Алдыңғы жылмен салытырғанда 12,5 пайызға көбейгенін байқадық. Келесі жылдарда да қалалықтардың да салауатты өмір салтын ұстанатындарына сеніміміз үлкен», - деді «Шымбұлақ» тау-шаңғы спорт кешені маркетинг бөлімінің  менеджері Әсем НҰРПЕЙІСОВА.