Денсаулық сақтау министрлігі мен Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі ынтымақтастық меморандумына қол қойды.
Аталған құжат арқылы қос ведомство басшылары салаға қатысты туындаған олқылықтарды бірлесе жоймақ. Мәселен, былтыр еліміз бойынша денсаулық сақтау саласындағы әдеп қағидаларын бұзған 21 мемлекеттік қызметкер мен жұмысына атүсті қараған 18 дәрігер жауапқа тартылған. Бұл мәліметтер министр Елжан Біртанов пен агенттік төрағасы Алик Шпекбаевтың кездесуінде айтылды.
«Бүгінгі таңда адами капиталдың маңызды факторы – ол үздік денсаулық сақтау ісі мен дені сау ұлт. Соған байланысты, медициналық қызметтерді көрсету сапасын арттыру, бұл салада сыбайлас жемқорлық көріністеріне жол бермеу елдің бәсекеге қабілеттілігін арттырады», – деді ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Алик ШПЕКБАЕВ.
Денсаулық сақтау министрі Ержан Біртанов биыл мұндай жағдайлардың азайғанын айтты. Жеті айда жұмыста әдеп қағидалары бұзылған 4 факт тіркелсе, мемлекеттік қызметші атына кір келтіру жайы 1 рет анықталған. Бес азамат та тәртіптік жазаға тартылған.