Мемлекет басшысы Мәулен Әшімбаевты қабылдады

11.04.2018 15:04

Мемлекет басшысы «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаевты қабылдады. Кездесуде партияның қазіргі қызметі тілге тиек етіліп, «Жас Отан» жастар қанатының IV съезінің қорытындысы баяндалды. Съезге биыл еліміздің барлық өңірінен 1500-ден астам делегат қатысқан. Бұдан бөлек, Әшімбаев Президентке «Цифрлы Қазақстан» мен «Рухани жаңғыру» бағдарламаларының  жүзеге асырылу жайын жеткізді. Ал Елбасы жастар арасында саяси жұмыстарды әрмен қарай күшейтуді табыстады. Әрі партияның түрлі бағыттағы  жұмысын жандандыру жөнінде бірқатар нақты тапсырма берді.

«Елбасының тапсырмасына сәйкес біз енді партиямыздың кадрлық резервпен жұмысын күшейтіп жатырмыз. Партияға мықты, білікті азаматтар тартуға байланысты жасалып жатқан жұмыстарды баяндап бердім. Сонымен қатар, енді партияның цифрлық технологияларды күнделікті жұмысында пайдалану мәселелеріне байланысты да жасалып жатқан жұмыстарға байланысты ақпарат бердім. Елбасымыз партияның алдында бір жаңа мақсаттар қойып отыр, жаңа тапсырмалар берді. Соларды орындауға біз енді бар күшімізді салатын боламыз», - деді «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары  Мәулен ӘШІМБАЕВ.