Мемлекеттік қызметкерлер Әдеп кодексі нормаларын жете түсіне бермейді

25.01.2018 14:12

Мемлекеттік қызметкерлер Әдеп кодексі нормаларын жете түсіне бермейді. Бұл туралы еліміздің мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің өкілдері айтты. Мамандар орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың 1 жарым мыңнан аса қызметкерінен сауалнама алған. Сұралған шенеуніктердің 40 пайызы олардың қызметте жүріс-тұрыстарын сипаттайтын құжатты дұрыс түсінбегендігін айтқан. Сондай-ақ, олар әдеп кодексінің көптеген тармақтары түсініксіз деп, негізгі ережелерін егжей-тегжейлі жеткізу қажет деген пікір білдірген. Сауалнамада қызметкерлер жұмыста былапыт сөз естіп, кемсітушілік көретінін білдірген. 

«Біз мұндай жағдайлардың бар екендігін жоққа шығармайыз. Әлеуметтік сауалнамада оны көрсетіп отыр. Бірақ, өкінішке орай, мемлекеттік қызметкерлер бұндай оқиғаның болғандығын айтпайды, арыз жазбайды. Өйткені, көбісі жұмыс орны, болашағы үшін алаңдайды.  Дегенмен, осындай жағдайлар тіркелсе, анықталса, міндетті түрде жауапты органдар өз қаперіне алатын болады. Бұл үшін сананы өзгерту керек, мемлекеттік қызметшілер өзгеру керек», - деді ҚР мемлекеттік қызмет істері және және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агентігі төрағасының орынбасары Айгүл ШАЙЫМОВА.

Ал, түрлі мекемеде басшылықтың команда жинау әдеті біршама азайған. Трайбализм жайын сөз еткен агенттік басшылығы мұндай сорақылықтың орын алмасы үшін, барынша тиісті шаралар қабылдап жатқанын айтты.

«Біздің тарапымыздан нақты шешімдер қабылданды. Мысалы, біз қызметкерлердің өз қалағын органына қарай жұмыс орнын ауыстыруын тоқтаттық. Бұл әрине команда жинау жайтын азайтты. Трайболизмнің жолын кесті. Бүгінгі күні де бұл шартты біз бұзбай келеміз. Осының арқасында конкурссыз жұмысқа орналасу жағдайын 18 есеге азайттық», - деді ҚР мемлекеттік қызмет істері және және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агентігі төрағасының орынбасары.