Белгілі венгерлік саяхатшының суреттері Қазақстан тарихы пәніне енгізілмек

16.05.2018 02:28

Саяхатшы Дьёрдь Алмашидың сирек кездесетін суреттері мен өмірбаяны  Қазақстан тарихы пәніне енгізілмек. Бұл мәселе бүгін отандық және венгрлық этнографтар қатысқан жиында көтерілді. Мажарлық ғалымның өмірі, әрі оның туындыларымен Алматы музейінде танысуға болады. Онда арнайы экспозиция ашылды.

Көшпенді қазақтардың тұрмысы бейнеленген ескі сурет. Тарихи туындыларға ұқсас, ешқандай өзгешелігі жоқ. Алайда бір ғасыр бұрын бүкіл Еуропа қазақ елін, көшпенді елдің тұрмысы мен мәдениетін сол арқылы танып білген. Венгрия елінің ғалым, этнографы Дьёрдь Алмаши саналы ғұмырын Орталық Азияны зерттеуге арнаған. Сондай-ақ Іле өзені мен Тянь-Шань тауына экспедицияны ең алғаш болып ұйымдастырғандардың бірі.

«Дьёрдь Алмаши ХХ ғасырдың басында екі үлкен рейс жасаған. Ол көшпенді өмірді зерттеуші автор ретінде ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып, ұмытылмайтын тұлға. Ол саяхаттап, Ташкентке дейін жеткен. Қазақ, қырғыз көшпенді елін аралап, Тянь-Шань тауына да сапарлаған», - деді Қазақстандағы Венгрияның бас консулы Юдит ЛАНГ.

Дьёрдь Алмаши Жетісуға саяхаттау барысында ауқымды фотосурет топтамасын жасап, тіпті, ғылыми еңбек те жазған. Өз туындысында ғалым флора мен фауна туралы баяндаған. Ең қызығы, ХХ ғасырдың басында қазақ даласын мекен еткен соңғы жолбарыстардың бірі Алмашидің көзіне түсіп қалыпты. Алайда, оның бұл жазбалары жойылып кеткен. Екінші дүниежүзілік соғысы кезінде зерттеулері сақталған қойма өртке оранып, барлығы күлге айналған. Кейінірек тарихшылар бұл суреттерді оның әріптесі Сорхерберта Арчеркрофттың немересінен тауып алған. Олар бірге қазақ даласын 1906 жылдары зерттеген екен.  

«Мұнда екі альбомда 260 сурет бар. Соның ішінде ең сапалы, әрі қызықтыларын топтап, көрсетуге тырыстық. Бір бөлімді саяхатқа, екіншісін тұрмыс-тіршілік, кейінгісін отбасы және әйелдерге арнадық»,-деді түркітанушы Иштван ШАНТА (Венгрия).

Дьёрдь Алмаши сапарның нәтижесінде «Азия жүрегіне саяхат» атты кітабын жазған. Тарихшылар әлі күнге дейін оның саяхаты туралы деректерді анықтап жатыр. Мажарлық ғалым Верный қаласы жобасын дайындаған француздық сәулетші Гурдэмен жұмыс істеген.

«1854 жылы қамал тұрғызылған уақыттан бастап, барлық саяхатшылар Пржевальский, Семенов Тян-Шанский қала құрылмай тұрып, қамал туралы өз жазбаларын қалдырған. Олардың арасында Дьёрдь Алмаши да бар»,-деді өлкетанушы Неля БУКЕТОВА.

Көрмеде 33 сирек кездесетін тарихи суреттер ұсынылған. Ол Венгриядан алғаш рет әкелінді.

 

Перизат Көмекбайқызы, Рашид Шүкірәлиев, «Алматы» телеарнасы