Алматыда менингит ауруы өршіп тұр

22.05.2018 00:27

Алматыда тұрғындарды дүрліктірген ақпарат расталды. Қалада менингит ауруына шалдыққан 3 адам қайтыс болған. Оның ішінде біреуі бала. Қоғамдық денсаулық сақтау департаменті мен қалалық Денсаулық сақтау басқармасы арнайы баспасөз мәслихатын өткізіп, өз кеңестерімен бөлісті.

Алматыда менингит ауруы сәуір айынан өрши түскен. Дәрігер көмегіне жүгінген 47 тұрғынның 15-і бұл дертке шалдыққаны анықталды. Олардың барлығы дәрігер бақылауында. Аталған сырқат 3 адамның өмірін қиды. Оның біреуі бала болған.

«Бала мен бір ересек адам бірнеше сағат ішінде менингококты инфекцияның жедел түрде таралуы болған. Екінші ересек адамның өліміне органдық жетіспеушілігі және иммунитеттің төмен болуы себеп болған. Барлық өлім жітім жағдайы әр түрлі уақытта тіркелген. Және бір-бірімен байланысты емес», - деді Алматы қаласы қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің басшысы Айзат МОЛДАҒАСЫМОВА.

Ауруды жұқтырған науқастармен байланыста болған 715 адам толық тексерілген. Дәрігерлердің сөзінше, тұрғындарға дүрбелең туғызатындай негіз жоқ. Дегенмен, сақтық шараларын сақтау қажеттігін алға тартуда. 

«Балалар клиникалық жұқпалы аурулар ауруханасында арнайы бокс бөлімдері бар. Орын тапшылығы жоқ. Қазіргі таңда менингококцемия диагнозымен түскен. Жан сақтау бөлімінен профильді бөлімге жатқызылды. Оған қоса, қайтыс болған баламен қарым-қатынаста болған 4 бала бақылауымызда. Оларда назофарингит белгілері бар. Барлығының жағдайы қалыпты», - деді Алматы қаласы балалар клиникалық жұқпалы аурулар ауруханасының бас дәрігері  Ержан СЕРАЛИН.

Жалпы менингиттің маусымдық кезеңі ақпан, наурыз, сәуір және мамыр айына келеді. Сырқаттың эпидемиялық уақытының созылуына ауа райының өзгеруі сеп болды - дейді дәрігерлер. Ми мен жұлынның жұмсақ қабықтарының қабынуынан туындайтын бұл кесел ауа арқылы тарайтыны белгілі. Ал менингиттің жұқпалы түрiне шалдыққан адам ауруды таратушы болып саналады.

«Егер тасымалдаушы болса, бұл адамда ешқандай ауру белгісі анықталмайды. Оны тек лабороториялық зерттеу арқылы анықтауға болады. Тасымалдаушы немесе тасымалдаушы емес екенін. Сондықтан айтылған мұрын жұтқыншақтан анализ тапсыру керек. Екінші назофорингит түрі дейміз. Ол кезде ауруда кездесуі мүмкін дене қызуының көтерілуі 38 одан жоғары. Тамақтың жыбырлауы, жөтел, мұрынның бітелісі», - деді  Алматы қаласы штаттан тыс балалар инфекционисті Әділ ҚАТАРБАЕВ.

Бүгінгі қаладағы мектеп, балабақша және емханаларда арнайы тексеретін құрылғылар орнатылған. Дәрігерлердің айтуынша, менингит ауруының белгілері тұмауға ұқсас болғандықтан, азаматтар өз бетінше емделіп жатады. Сондықтан дене қызуыңыз көтеріліп, не жөтел болған жағдайда бірден мамандарға қаралуға кеңес береді. Оған қоса, профилактикалық шара ретінде бұқаралық спорттық, бассейн және ойын алаңдарына баруға шектеу қойған жөн дейді мамандар.


Перизат Көмекбайқызы, Валерий Таубалдиев, «Алматы» телеарнасы