Вице-министр Ақтаева: менингитке қарсы профилактикалық шарадан тыс қалмау керек

29.05.2018 02:56

Менингококктық инфекция өршіп бара жатыр - деген шудан кейін еліміздің Денсаулық сақтау вице-министрі Ләззат Ақтаева Алматыға келді. Ауруханаларды аралап, дәрігерлердің дайындығын тексеріп шықты. Ал бас санитар дәрігер Жандарбек Бекшин эпидемиологиялық жағдайдың негізгі себебін түсіндіруге тырысты.

Менингит дертінің кесірі өлім жағдайына дейін жеткен соң, еліміздің Денсаулық сақтау министрінің орынбасары Ләззат Ақтаева мен бас санитар дәрігер Жандарбек Бекшин Алматыдағы медициналық мекемелердің жұмысымен шұғыл  танысып шықты. Ересектер мен балалар жұқпалы аурханасын аралап, мамандардың дайындығы мен дәрі-дәрмектің жеткіліктіліктігін қадағалаған еді.

Осылайша, жағдай қалыпты, ушықтыратын дәнеңесі жоқ - деген дәрігерлер бүгінгі таңда 29 тұрғында менигококктық инфекцияның анықталғанын растады. Оның 26-сы ересек адам болса, 3-уі бала. 13-нің сараптамалық қорытындысы әлі де зерттелу үстінде. 4 науқас дін аман үйіне қайтарылса, 4 кісінің ажалы осы дерттен келген. Ақтаеваның да  айтары, адам көп шоғырланған жерден аулақ жүру, әрі респираторлық белгілері байқалса, дереу ақ халаттыларға жүгіну.

«Аурухана штаттық режимде жұмыс істеуде. Палаталар лық толы емес. Дәрі-дәрмекпен жеткілікті қамтамасыз етілген. Медициналық мекемелер дайын екені түсінікті. Бірақ бастысы профилактикалық шарадан тыс қалмау керек»,-деді ҚР Денсаулық сақтау министрінің орынбасары Ләззат АҚТАЕВА.

Бас санитар Жандарбек Бекшиннің Алматыдағы менигококктық инфекцияның жыл сайын асқынып бара жатқанын екі жағдаймен байланыстырды. Бірінішісі, аурудың симптомы білінбей, бірақ жұқпалы дертті таратушылардың санының артқандығы болса, екіншісі, ауа райының  құбылуына қатысты, - дейді. 

«Жұқпалы инфекцияны тасушылар шын мәнінде науқастанғандардан қарағанда 10 есе көп. 2-3 жылдың ішінде жинақталып, эпидемиологиялық өсім байқалады. Биылдыққа 30 расталған жағдайды анықтап отырмыз. Екіншіден, біз метерологиялық зерттеу жүргіздік. 2013, 2015, 2018 жылдары орташа айлық ауа температурасы наурыз бен сәуір айында +10,+15 градустан төмен болған. Яғни,  мұндай ылғал температура бактерияның қоздырғышын үдетіп жіберген»,-деді  ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің бас санитарлық дәрігері Жандарбек БЕКШИН.

Дәрігерлер дерттің алдын алу үшін жеке бастың гигиенасына мұқият болуды қайталап айтудан жалықпады.  Дәрумендер қабылдап, екпе салдыруды құп көрулерін өтінуден басқа қолдан келер шарамыз жоқ, - деп отыр. 

 

Әйкерім Ердәулетқызы, РәшитШүкірәлиев «Аламты» телеарнасы