Елімізде онлайн-несие секторын реттеу мәселесі жіті қарастырылуда

Елімізде онлайн-несие секторын реттеу мәселесі жіті қарастырылуда
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматылық судьялар микрокредиттік ұйымдар қарыз алушылардан негізгі қарыздан асатын қаржыны талап етуге хақылары жоқ деп есептейді. Соңғы екі жылда оларға онлайн кредит алуға байланысты екі мыңдай арыз келіп түскен. Жылдам ақша алам деп аузы күйгендер көп. Фемида қызметкерлерінің айтуынша, 80 мың теңге алған азаматтың қарызы бірнеше жылдан кейін 16 миллион теңге болып кеткен жағдайлар да кездесіпті. Осындай келісімшарттардан опық жемес үшін не істемек керек?

Карина Муфтахинова өз автокөлігін кепілдікке қойып, онлайн қарыз алған. Әйелдің айтуынша, кредит шарттары керемет болған: көлікті жалға қоясың да керекті соманы аласың. Ал көлігің өзіңде қалады деген.

«Телефонмен қарыз алуыма толық мүмкіндігім бар екенін айтып, кеңселеріне шақырды. Алдымнан менеджерлері күтіп алып, машинаны қарап шықты. 15 минуттан кейін қарыз ала алатынымды айтты. Алайда, сотта менің қарызым  5% емес, 111% көбейіп кеткен болып шықты. Тіпті «200%-ға дейін өсірсек те өз еркіміз, біз жеке ұйымбыз» деп айтты», - деді Карина МУФТАХТИНОВА.

Қарыз кестесі мынадай: Каринаның есептеуі бойынша, ол 2 миллион 700 мың теңге рәсімдеген, қолына 2 миллион 685 мың теңге алған. 15 мың - коммисиясы. Ол бір жыл ішінде 327 мыңнан төлеп отыруы тиіс болған. Бірнеше айдан кейін алматылық қыз қарызын төлей алмай қалады. Ал микрокредиттік ұйым сотқа жүгініп, 3 миллион 335 мың теңге талап етеді. Мұндай қарыз беретін компаниялар біздің елде әлі заңмен реттелмегендіктен, шырмауы көп мәселені алғашқы боп судьялардың шешуіне тура келді.

«Мәселен, микроқаржы мәртебесі жоқ микрокредиттік ұйым онлайн қарыз берген болса, ол оған айыппұл немесе өтемақы талап етуге құқығы жоқ. Сотта негізгі қарызды қайтару тәжірибесі ғана енгізілген. Яғни, егер азамат 80 мың теңге алса, онда ол өтемақысыз және айыппұлсыз сол алған 80 мың теңгені қайтаруы керек», - деді Алматы қалалық сотының судьясы Руслан БАИШЕВ.

Микрокредиттік ұйымның арызын сот қанағаттандырмаған жағдайда олар арбитраждық сотқа шағымдануды шығарған. Себебі, бұл жақ олардың талаптарын қанағаттандырады. Екі соттың екі түрлі шешімі барлық тарапты ыңғайсыз жағдайда қалдырады. Енді сот талқысы жүріп жатқан уақытта Каринаның үрейі үдей түскен. Себебі, коллекторлар оны қорқытып, қоқаң-лоққы көрсеткен. 

«Коллекторлар борышкерлерден қарызды өндіреміз деп жүріп, түрлі қылмыстарға барады. Ресейде моральдық-психологиялық қысымды айтпағанда, ұрып-соғу, тіпті адам өлтіру жайттары да болған. Оларда бір ғана мақсат- ақшаны тезірек қайтарып алу, Ал оның қалай, қандай жолмен болатыны бәрібір. Біз Қазақстанда да осындай қарыздарды қайтару барысында қылмыстар көбейіп кете ме деп алаңдаймыз», - деді Алматы қалалық сотының судьясы Руслан БАИШЕВ.

Ұлттық банкте судьяларға онлайн қарыз берген компаниялар микроқаржы ұйым ретінде тіркелмеген болса, оларға қарсы әрекет ете алмайтындығы айтылды. Демек, екі жылда 80 мың теңге алған адамның қарызы 16 миллионға жеткені туралы ақпарат жалған  емес, өмірден алынған мысал. Еске салсақ, бас қаржы реттеушісі осы компаниялардың белгілі бір функцияларын шектеу туралы заң жобасының бастамашысы болды. Бұл құжат қазір қаралып жатыр.


Тоғжан Аман, Мұрат Тайжан, «Алматы» телеарнасы


Новости партнеров