Алматыдағы жайма базарларда тәркіленген тауарлар бірден қоқыс полигонына жөнелтіледі

12.09.2018 01:01

Алматының Алмалы ауданында көшелердің көркін бұзып, жүргіншілердің жолын заңсыз басып алған саудагерлер жаппай жазаланып жатыр. Оларға ескерту айтудан жалыққан жергілікті билік өкілдері бүгін жайма базарды өз қолымен жинауға кірісті. Тіпті, тәркіленген тауарларды арнайы техникаға тиеп, қоқыс полигонына төкті.  

Тастақ базары маңында көше бойын жағалай құрылыс материалдарын сататын саудагерлердің бүгін әбден құты қашты. Қапыда келген тексерушілер олардың жайма базарларын бірден жиыстырып, тауарларын арнайы техникаға тәркілеп тией бастады. Мұны көрген саудагерлер жапа-тармағай тауарларын ішке тасыды. Әп-сәтте жол жиегін босатып, тіпті сауда орындарына құлып салып үлгерді. Дегенмен, қолға түскендеріне жергілікті билік өкілдері тағы да ескерту жасады.

Көріктендіру заңын бұзғаны өз алдына, тұрғындардың жүруіне ұлтарақтай жер қалдырмаған саудагерлерге бұған дейін де талай рет ескерту жасалған. Бірақ ол ескертуді құлаққа ілген бір жан табылмапты. Сондықтан жауаптылар жазаны қатаңдатып отыр. Енді қалта қамын ойлап, тас жолды заңсыз басып алғандармен  күрес күшейтіледі. Тротуарға қойылған тауарлар жаппай тәркіленіп, бірден қала сыртындағы қоқыс полигонына жөнелтіледі.

«Өзіміздің Алмалы ауданының базарларынан тегін орын ұсындық. Базар әкімшілігімен келісім-шартқа отырып, ауызша келісім-шарт жүргізіп, бастапқы 3-4 айға тегін орын алатындарын да айттық. Бірақ соның өзінде, тегін болса да, ешқайсының барғысы келмейді. Ол кісілерге өз ауласынан шыға салып, заңсыз сауда жасаған ыңғайлы болып тұр», – дейді Алматы қаласы Алмалы ауданы Кәсіпкерлікті дамыту бөлімінің бас маманы Гапур БАҚТИЯРОВ.

Бүгінгі рейд кезінде бір КамАЗ тауардың көзі жойылып, қос саудагер 12 мың теңгеден астам айыппұл арқалады. Ал тексерушілерді көре сала бой тасалап, сауда нүктесіне құлып салып кеткендерге құзырлылар ертелі-кеш қайта келетіндерін айтып қалды. Өйткені, келер аптада қала көркіне нұқсан келтіргендерді тезге салу үшін арнайы комиссия іске кіріспек. Жалпы, жыл басынан бері Алмалы ауданында 82 рейд шарасы жүргізілген. Нәтижесінде, заңсыз қойылған 97 нысан сүрілген.  


Айдана Мейрамбайқызы, Влад Шишко, «Алматы» телеарнасы