Министр: Қытайда ұсталған этникалық қазақтар босатылды

29.05.2018 в 21:17

Алдағы айға Қазақстан Президентінің Қытай Халық Республикасына сапары жоспарланған. Сапар барысында Нұрсұлтан Назарбаев Қытай билігімен екі елдің экономикалық, инвестициялық қарым-қатынасынан бөлек, шекаралас орналасқан Шыңжаң ұйғыр автономиясындағы жағдайды да талқыламақ. Еліміздің Сыртқы істер министрінің мәліметінше, Қазақ Үкіметі Қытайда қамалған 170-тей этникалық қазақтың тағдырынан хабардар. Министр Қайрат Әбдірахманов көрші елде қамалған қазақтардың мәселесі еліміздің, сонымен бірге, шетел мемлекеттерінің дипломатиялық, консулдық қызметтерінен бөлек үкіметаралық келіссөздер кезінде де талқыланып жатқанын айтты.

«Бізде 170-тей этникалық қазақтар туралы мәліметтер бар. Біз әрбір адам бойынша жұмыс жүргізіп жатырмыз. Сол кездегі мәлімет бойынша біздің 12 азамат қамауға алынған болатын. Келіссөздердің нәтижесінде тоғызы босатылды. Бізге Қытай тарапынан әрбір азамат туралы мәліметті беріп отыр», - деді ҚР Сыртқы  істер министрі Қайрат ӘБДІРАХМАНОВ.

Естеріңізде болса, этникалық қазақтар былтырдан бері Қытайда қудалауға түсіп жатқандарын айтып, еліміз Үкіметтен араша түсуді бірнеше мәрте сұраған еді.