Елімізде 3 миллионнан астам адам жеке кәсіппен айналысады

28.03.2017 15:17

Елімізде 3 миллионнан астам адам жеке кәсіппен айналысады. Мұны Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов айтты. Алайда, ведомство басшысының ауыз толтырып сөйлегені жиынға келген депутаттарды қызықтырмаса керек. Олар, сан сауалды бүйірден төпештеді. Мұндайға министр шыдас берді ме және нендей түйіткілдер шендіні титықтатты? Азамат Әуезхан сөз алсын.

Үкімет сағатында сөз алған Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов сұрақтың астында қалды. Депутаттар ведомство басшысының жаттанды сөзінен гөрі, тындырылған істерді тыңдауға келгендей. Оларды жұмыссыздардың жайы, кәсіпкерлікті дамытуға берілетін несие мен салық төлеудің кемшін тетіктері қызықтырды.         

«Мен айтар ем, ауылдық аймақта бизнестің аты бары да заты жоқ. Аты дардай боп ашылғанмен, құлдырап кетіп жатқан субьектінің саны былтырғы жылмен салыстырғанда тек 71 мыңға ғана жеткен. Сізге қояр сұрағым, әр өңірге кәсіпкерлік ерекшелігі ескеріле ме? Бұл 71 мың жабылған субьектінің көп пайызы қай өңірлерге тиесілі»,- деді ҚР парламенті мәжілісінің депутаты, Бақытгүл ХАМЕНОВА.

«Сұрағыңызға көп рахмет! Шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту үшін - оның өміршеңдігін сақтап қалу керек. Олар негізінен нарыққа тиесілі. Егер сұранысқа ие болып жатса, бәсекелестік артады. Әрине, кәсіпорынды ашу қазір оңай. Оның үстіне, салықтық тіркеу жүйелері біршама жеңілдетілді. Ауылдық жердегі бизнес өкілдеріне де Ұлттық кәсіпкерлер палатасы тарапынан тиісті көмек көрсетіледі»,- деді ҚР Ұлттық экономика министрі, Тимур СҮЛЕЙМЕНОВ.

Ал, мәжіліс депутаты Нұртай Сәбильяновты қолданыстағы мемлекеттік бағдарламалардың жиі түзетіліп жатқаны - алаңдатса керек. Ол мұндай өзгертулер жобалардың тиімділігін төмендетеді деп қадап айтты. Сондықтан, жеті өлшеп, бір рет кесу қажет.     

«Біздің елімізде кәсіпкерлікті дамытуға кедергі келтіретін барлық проблемаларды заңнамалық деңгейде шешуіміз қажет. Екінші шағын және орта бизнесті қолдау бойынша мәжіліс бекітетін қолданысьағы бағдарламалардың алуан түрлілігі. Оларға өзгерістердің жиі енгізілуі аталған бағдарламаларды тартымды, тиімді етпейді»,- деді ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты, Нұртай СӘБИЛЬЯНОВ.

Осы тектес ескертулер жиында көп айтылды. Ұлттық экономика министрі айтылған ұсыныстарды өзіне түртіп алды. Ізінше, тың өзгерістерге тоқталды. Жуырда елімізде әлеуметтік салық көлемі 2 есеге дейін қысқаруы мүмкін. Бұл қадам - табысты ұлғайтуға септеспек.        

Елімізде 3 миллионнан астам азамат шағын және орта кәсіп саласында. Өткен жылдың қорытындысы бойынша, жұмыс істейтін субьектілер саны 1 миллионнан асса, олар 9 ай ішінде 11 триллион теңгенің тауарын шығарыпты. Ал бұл саланы дамытуға бөлінген субсидия көлемі 146 миллиард теңгені құрап отыр.