Біртанов: медициналық техникалардың 35 пайыздан астамы тозған

24.04.2018 20:16

ҚР денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов медициналық мекемелердің материалдық-техникалық қамтамасыз етілуі туралы баяндады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі. 

«Қазіргі таңда нормативке сәйкес медициналық техникамен жабдықтау Қазақстан бойынша 65,2 пайызды құрайды. Мемлекеттік денсаулық сақтау ұйымдарындағы медициналық техникалардың 35%-дан астамы тозған. Осыған байланысты оларды жаңарту үшін жыл сайын 96 миллиард теңге қажет. 2016-2017 жылдар арасында елімізде жалпы сомасы 128 миллиард теңгеден астам қаражатқа медициналық техника сатып алынды. Жергілікті атарушы органдар материалдық-техникалық жабдықтауға жыл сайын жалпы трансферттер негізінде қаржы бөледі. Мәселен, 2017 жылы 42,8 миллиард теңге, 2018 жылы 40,2 миллиард теңге бөлінген», — деді министр. 

Біртанов 2016-2018 жылдары МЖӘ аясында лизинг арқылы медициналық техника сатып алу қарқыны ұлғайтылғанын атап өтті. Сондай-ақ Елбасының тапсырмасына сәйкес медициналық техникалардың пайдалану тиімділігін талдау мақсатында министрлік 2012-2016 жылдар аралығында сатып алынған техникаға тексеру жүргізді.

«Соның ішінде құны 5 миллион теңгеден жоғары медициналық техникаға аудит жасалды. Аудит қорытындысы бойынша заң бұзушылықтар анықталды. Біріншіден, сатып алынатын техника бағасының жоғары болуы, медициналық техникалардың пайдаланылмай тұрып қалуы, техникаға 3 жылдық сервистік қызметтің көрсетілмеуі. Аудит қорытындылары бойынша материалдар есеп комитеті мен құқық қорғау органдарына жіберілді. Қазіргі уақытта тергеу жұмыстары жүргізілуде, 145 миллион теңге мөлшерінде бюджетке келтірілген шығын өтелді. Құны 50 миллион теңгеден астам медтехниканы сатып алу және денсаулық сақтау нысандарын салу кезінде міндетті сараптамалық бағалау енгізілді. Соның арқасында 2017 жылы 3,5 миллиард теңге үнемделді», — деді Біртанов.