Биыл тегін білім грантына 54 мыңға жуық адам қол жеткізген

Биыл тегін білім грантына 54 мыңға жуық адам қол жеткізген
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Білім және ғылым министрлігі тегін оқу грантына қол жеткізгендер тізімін жариялады. Құжатта 54 мыңға жуық ақысыз білім алатындардың аты-жөні келтірілген. Ілім іздегендер тізімінде 226 адам – мүмкіндігі шектеулі жандар. Оларға да қаражатты мемлекет бөлмек. Сондай-ақ, грант иегерлері қатарында 25 ұпаймен түскендер де бар.

Білім гранты кімге берілетінін арнайы комиссия талапкерлердің көрсеткен балына қарай 6 күн бойы бөлген. Сонымен, ел ішіндегі тегін оқуға 53 мың 593 адам қол жеткізді. Ал негізі, биыл мемлекет бөлген қаражатпен жоғарғы оқу орнының студенті атануға 75 мың түлек ниет білдірген екен. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 15 пайызға жоғары көрсеткіш. 

«Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Бес әлеуметтік бастамасы» аясында биыл мемлекеттік тапсырыстың көлемі 20 мың грантқа артты. Биыл жалпы, 53 мың 593 оқу гранты бөлінді. Соңғы алты күнде Сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттік, бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері мен «Атамекен» палатасы және бірнеше министрлік, Қоғамдық кеңес құрамы кірген республикалық комиссия гранттарды бөлді. 5-ші тамызға дейін отырыстар өтті», – деді ҚР Білім және ғылым вице-министрі Асхат АЙМАҒАМБЕТОВ.

Гранттардың басым бөлігі, оның ішінде, 11 мың орын техникалық бағыттарға арналған. Ақпараттық технологиялар, робот техникасы және нанотехнологиялар салаларына басымдық берілген. 5 мыңы еңбек нарығында қажеттілік байқалып отырған басқа мамандықтарға, 3 мыңы магистрлерді даярлауға, 1 мың грант PhD докторларын даярлауға бағытталған. Соның 5 944-і күндізгі оқытудың 1-курсына арналса, 2 650-і  жоғарғы оқу орнына дайындық бөлімдеріне қабылдауға бөлінген. Вице-министр 25 ұпаймен тегін оқуға түскен талапкер жайын да айтты.

«25 балмен грантқа өткендерге тоқталсақ, кейбіреулері колледж бітіргеннен кейін оқуға түсуге құжат тапсырады. Бұл ретте қысқа мерзімге 3 жыл оқитындар жатады. Мысалы, мектепті тәмамдаған түлектер Ұлттық біріңғай тестін тапсырғанда жоғары балл 140 болса, ең төменгі шекті балл 50-ге тең. Ал колледжден кейінгі түлектер тек 70 сұраққа жауап береді, яғни екі пәнді ғана таңдайды. Сәйкесінше, оларда шекті балл 25-ке тең», – деп түсіндіріп өтті ҚР Білім және ғылым вице-министрі Асхат АЙМАҒАМБЕТОВ.

Тегін оқуға түскендер қатарында 826 адам еліміздің азаматтығын әлі алмаған этникалық қазақтар. Олардың 290-ы білім саласына бет бұрса, 242-сі техникалық мамандықты таңдапты. Қалғандары бизнес, мал дәрігері, өнер жолы мен әлеуметтік мамандықтарға оқуға ниет білдірген. Елге оралған қандастарымымызға бөлінген барлық гранттың 4 пайызы бұйырыпты.

Сонымен қатар, енді бір айдан соң 226 мүмкіндігі шектеулі жан да студент атанбақ. Олардың көбі медициналық мамандықты таңдаған. Жалпылай алғанда, шетел философиясы, француз және неміс тілдерінде тегін білім алуға ешкім түспеген. Ал керісінше, көп сұранысқа ие болған мамандықтар қатарында – заңгер, медицина, фармацевтика және қаржы саласы тұр.

Нұржан Сәдірбай, «Алматы» телеарнасы, Астана



Новости партнеров