|
21.06.2018 | 19:43
3228

ҰБТ-нің алғашқы нәтижесі: екі мыңнан артық түлек сыннан өте алмады

ҰБТ-нің алғашқы нәтижесі: екі мыңнан артық түлек сыннан өте алмады

Ұлттық Біріңғай тестілеудің алғашқы күнінде екі мыңнан артық түлек шекті балл жинай алмады.  Төрт сағатқа жуық уақытта 120 сұраққа жауап бергендердің арасында ең көбі 137 ғана бал жиналған. Түлектер тапсырған тест төңірегіндегі тың ақпараттарды елордадағы әріптесім Нұржан Сәдірбайдан сұрап білсем. Нұржан қайырлы кеш. Тестілеудің бірінші күні оқушылар үшін нәтижелі ме? Заң бұзушылықтар тіркелгенбе?

Рақмет, Өмір. Алғашқы күні Қазақстан бойынша 13 мың  897 түлек тест тапсырды. Олардың жинаған орташа баллы - 80,9 пайызды құраса, былтырғы бірінші күн нәтижесі 77,5 пайызды көрсеткен еді. Демек орташа балл республика бойынша 4 процентке жоғарлаған. 11 мың  795 түлектің 85 пайызға жуығы шекті 50 балдан жоғары жинаған. Ал 2 мың 102 бала сүрініп, тиісті белестен өте алмаған. Айта кететіні, алғашқы күні ең жоғары 140 ұпайға ешкім қол жеткізе алмады. Ағылшын тілінде тапсырғандар арасында ең жақсы нәтиже - 81 баллды құраған. Бірінші күні оңтүстіктегі пунктердің бірінде бір бала ортақ ережені бұзғаны үшін аудиториядан қуылып, оның жауабы жойылған. Сондай - ақ ақпарат көздерінде тестілеуге 10 смартфон әкелген бала жайлы да мәлімет пайда болды.

«Сіздерге берілген ақпарат біршама бұрмаланған. Рас, бір оқушыдан 10 ұялы телефон табылды. Алайда ол тест тапсыру барысында емес, оған дейін анықталып, тәркіленді. Мұндай жағдайда оқушының жауабы жойылмайды. Осы ретте ол оқушының бұл телефондарды қалай өткізгісі келгені және қалай пайдаланбақшы болғаны түсініксіз. Өздеріңіз білесіздер, біз барлық жерлерге желіні бұғаттау құралын орнатып тастағанбыз»,-деді Ұлттық тестілеу орталығының директоры Рамазан ӘЛІМҚҰЛОВ. 

Екі түлек медициналық көмекке жүгінген. Біріншісі есінен танып, тиісті көмектен кейін Мемлекетік комиссияның шешімімен ол келесі топпен тапсыратын болды. Тағы бір оқиға Оңтүстіктегі Сарығашта болған. Медициналық қызметкерлер көмегімен бала жарты сағаттан кейін есін жиған. Ол әрі қарай тестті жалғастыруға бел буып, тіпті, сынақты жақсы тапсырып шыққан.

«Биыл алғаш рет іске қосылған колл-орталығына 105 сұрақ келіп түскен. Оның дені ата-аналардан. Қойылған сұрақтардың басым бөлігі тестілеудің ережелеріне қатысты болған. Сонымен қатар биыл нәтижені «Telegram» көмегімен де білу мүмкіндігі енгізілді. Әлеуметтік желінің каналына кеше 23 мыңдай түлек тіркелген. Олар тестің қорытындысын 196 мың рет сұраған. Тест нәтижесін қарау бойынша ешқандай мәселе туындаған жоқ»,-деді Ұлттық тестілеу орталығының директоры Рамазан ӘЛІМҚҰЛОВ

Рамазан Әлімқұлов тесттен сүрінгендерді жұбатты. Ол 50 балл жинай алмаған екі мың түлектің әлі де жақсы нәтижеге қол жеткіузге мүмкіндігі бар деді.

«Жаңа форматтың ерекшелігі сол, түлектер ҰБТ-дан өтпей қалса, тамыз айында қайта тапсыра алады. Егер тамызда да тиісті балл жинай алмаса, онды қыркүйекте жоғары оқу орнына бір семестрге ақылы түрде түсуге мүмкіндігі бар. Бір семестрден кейін қаңтар айында үшінші рет тапсыра алады»,-деді Ұлттық тестілеу орталығының директоры Рамазан ӘЛІМҚҰЛОВ. 

Айта кетейік, еліміз бойынша сынақтар 167 пункте өтіп жатыр. Оның 48-і жоғары оқу орындарының базасында, үшеуі - колледжде, 116-сы орта мектептерде орналасқан. Жалпы саны 1 мың 206 аудитория жұмылдырылған. Олар бейнекамералармен, ұялы телефон байланысын бұғаттайтын құрылғылар және металл детекторлармен жабдықталған. Ұлттық біріңғай тестілеуі 1 -ші шілдеге дейін жалғасады.

Нұржан Сәдірбай, Алматы телеарнасы.

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир