Алматы маңындағы моренді көлдерден қалаға қауіп жоқ. Қазір шаһар үшін қауіпті саналатын жеті тоғанда алдын алу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Яғни, мұздықтардың еруі салдарынан жинақталған суды арнайы сорғылармен тартып, Ақсай, Үлкен және Кіші Алматы өзендеріне жіберуде.
Жалпы, мегаполис маңында 37 моренді көл бар және олардың барлығы тұрақты бақылауда.
Айта кетсек, сел жүру қаупі басым болатын кезең қыркүйек айының ортасына дейін сақталады.
«Күн сайын судың деңгейін, су ағынын, оның шығынын және сифоннан қанша су өтетінін өлшеп отырамыз. Бізде моренді көлдерде жұмыс істейтін мердігер мекемелер және олардың жұмысын толығымен бақылайтын мамандарымыз бар. Сонымен қатар, күн сайын 3 мәрте ауа-райы жайлы және судың деңгейіне байланысты қандай жұмыс істеп жатқаны туралы ақпарат алып отырамыз», – деді Алматы қаласы «Қазселденқорғау» ММ бөлім басшысы Кеңесжан КҮНЕСБАЙ.