Қымыздан жасалған балмұздақ: Алматыда дәстүрлі балмұздақ фестивалі өтеді

Қымыздан жасалған балмұздақ: Алматыда дәстүрлі балмұздақ фестивалі өтеді
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматының Орталық мәдениет және демалыс саябағында жаздың тәтті мерекесі - «БалмұзDay» шығыс ертегісі» фестивалі өтеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Биыл фестиваль екі күн тойланады. Алматыдағы Орталық мәдениет және демалыс саябағының сахнасында қонақтарды ғаламат шоу күтеді.

«14-15 шілдеде Алматыдағы Орталық мәдениет және демалыс саябағы Шығыстың ертегідей атмосферасына енеді. Демалыс алаңы тәттіге толы шығыс базарына айналып, ойын-сауықтың ортасы болады. 2 күн ішінде алматылықтар мен қала тұрғындары балмұздақтың түр-түрінен: ыстық балмұздақ, био-балмұздақ, азот-балмұздағы, қымыздан жасалған балмұздақтан және түрлі тәттілерден дәм тата алады», – дейді ұйымдастырушылар.

Фестивальдің алғашқы күні қонақтар музыка мен театрландырылған қойылымдарға куә болады. Шараның әр қатысушысы бағалы сыйлықтар ұтысы мен флешмобқа қатыса алады.

«Екінші күні музыкалық конкурс – «БалмұзDay Дауысы-2018» караокесі ұйымдастырылады. Байқауға 3-тен 16 жасқа дейінгі балалар қатыса алады. Жеңімпаздар Грузиядағы таланттар байқауына жолдама алады. Қатысушылардың вокалдық мүмкіндігін жұлдызды қазылар алқасы бағалайды», – дейді ұйымдастырушылар.

Айта кету керек, дәстүр бойынша фестивальге балалар үйінің тәрбиеленушілері шақырылады. Олар құнды сыйлықтарға ие болып, аттракциондарда тегін ойнай алады.


Новости партнеров