Мұхит асқан қазақ қызы Америкада 101 жасқа толды

02.06.2017 15:57

Коммунистердің қуғындауына ұшырап, 10 жасында әкесімен бірге  туған жерінен кеткен қазақ қызы қазір американың ерекше қамқорлығына алынған мекемеде  тұрады.  Ғасыр жасаған қарт әжей кезінде қатарынан екі рет кеңес әскерінің қуғынына ұшырап, ақыры АҚШ асуға мәжбүр болған. 101 жастан асқан Әсия Сардарбекқызы егемендік алған қазақ елі енді қайтып жаттың жетегіне кетпесе екен деп тілейді. Бес жылда бір өтетін дүние жүзі қазақтарының құрылтайына орай Ауған соғысы ардагерлер ұйымы,  Ұлт Болмысы Жұрналы арнамызбен бірлесе отырып, мұхит асқан  қазақ қызына түсіру тобын жіберді. 14 жасында Ауғанстаннның патшалық династиясына келін болып түскен, қазір американың Виржини штатында тұратын әжеймен тілшіміз Әмірболат Құсайынұлы сұхбаттасып, абыз ананың аманатын тыңдап келді.

Тарихшылар Ауғанстан еліне қазақтардың жалпы тарихта түрлі себептермен небір азапты көре отырып, үш рет  көшіп барғанын жазады. Солардың соңғы көші Қазіргі Жамбыл облысының Шу бойынан қолдан жасалған ашаршылық жылдары үдере қашқан қазақтар. Жасы жүзден асқан Әсия әжемізде кезінде  кеңес үкіметінің ұжымдастыру сылтауымен қазақтардың төрт түлігін тәркілеп, жасанды ашаршылық пен байларды қудалау қасіретінің кесірінен кеткен  жанның бірі. Айтуынша, әкесі Сардарбек Шу өңірінің белгілі байы болған. Коммунистер  ауыл, ағайынның байлығын алып, ақыры  әкесінің өмірін өлімге қимақ болғанда бір топ жан бір түнде қашуға мәжбүр болған. Осыдан тоқсан жылдай бұрын болған оқиғаны кейуана әлі күнге  ұмытпаған. 

«Жүрген жерім-ау. Туған жерім-ау. Жаным елім. Құрбан болған елім-ай. Ағаларым, туыстарым айналайын. Бәрі есімде бар. Қазақстанымды көп жақы көрем. Әкем-шешем сағынып, жылап-жылап өлді»,- деді Әсия САРДАРБЕКҚЫЗЫ. 

Түркіменстан, Қарақалпақстан арқылы қашып, Әмудария өзенінен өткен қазақтарды Ауғанстанның Маймана өңірлік  шекарасын бақылап жүрген әскербасы қарсы алады. Надир, Захир шаһ сынды сол кездегі Ауғанстанды билеп келген монархиялық  патшаның әулетіне Әсия апамыз 14 жасында келін болып түскен көрінеді. Құдалыққа сөз салған ауғандықтарға ақыры Сардарбек қария жалғыз қызын беруге келіскен соң  200 жылға жалғасқан карольдік династия әулетінен тараған әскери шенді Амири Мұхаммедке жас Әсия жар атанады. 

«Менің анам көп балалы болғанмен, одан қазір бесеуіміз қалдық. Біз ол кезде жақсы өмір сүрдік. Жеке күтушілеріміз болатын. Мен анамның анасын көрдім, атамды көре алмадым.  Ал менің шешем басқа жерден келген адам болсада жергілікті халық, тіптен сарайдағы қызметшілерде оны өте жақсы көретін. Өйткені ол өте мейірімді еді. Бірақ,  коммунистер ауғанстанға  басып кіріп, әскери тартыс басталғанда қудалана бастадық. Дәуіт хан отбасымен өлтірілген соң, біз он үш адам болып елден әреңдегенде қашып шықтық»,- деді Әсия әжейдің қызы, Амина АМИРИ РАХМАН.  

Бір кездері өзіде Ауғанстандағы ең бай әулеттің келіні атанған Амина апамызда қазір жетпіс жасқа жуықтаған. Басқыншылар барлық байлық пен оннан астам сарайды тәркіледі дейді. Қудалаудан әупірімдеп аман шыққан патшалық әулеттің бір бөлігі 1982 жылы Түркия, кейін Германия  арқылы америкаға жеткен. Қазір Әсия әжей Виржиния штатындағы қариялар үйінде тұрады. Ғасыр жасаған қарт әжейге жергілікті билік жеке күтуші, басына екі бөлмелі пәтер берген. Балалары ауқатты болсада қеліндерінің қолына қарап, кедергі келтіргісі келмейді.  Коммунистерден екі рет озбырлық көрген Әсия Сардарбекқызы туған елі енді қайтып қиындық көрмесе екен деп дұға тілегін аузынан тастамайды.

«Барлық туыстарым қазақтарға сәлем сөйле. Назарбаев балам дұға қылып жатырмын. Балам сен мемлекетті жақсы қылып жатырсың. Апа сәлем айтып жатыр. Өміріңді ұзақ қылсын. Барлық туыстарым, қазағыма сәлем айт. Елім-ау, жерім-ау. Шу ауданы жерім-ау»,- деді Әсия САРДАРБЕКҚЫЗЫ. 

Мұхит асқан қазақ қызының тағдыры өткен ғасырдағы ел басынан өткен ауыр күндерден бүгінге жеткен тірі  тарих. Арттағы жұрт, қазіргі жастар бостандықтың қадірін бағаласа, бірлігін сақтаса екен деген ақылмен ананың аманатын елге жеткізуге "Ауған соғысы ардагерлер ұйымы"  мен "Ұлт болмысы" қолдау көрсетті. 

«Оның аманатын, жақсы қасиетін жеткізуге болады. Шынындада ананың аялы алақанындай, сағынышындай ыстық ол  қандай бар дүниеде. Қаншама қиындық көрді? Бірақ сол тұғырды Атамекенге ту етіп тіккен,  мынау Тәуелсіздігіміздің түндігінде, Туған жеріміздің кіндігінде, киелі шаңырағымыздың бірлігінде ынтымақ жарастырып, барша қазақтардың құрылтайын жасап, Отаның осы деген Елбасына оның сағынышын жеткізу еді»,- деді ҚР парламенті мәжілісінің депутаты, Бақытбек СМАҒҰЛ.  

Жалайыр руынан шыққан әжей 1916 жылы туған. Ол он жасында елден кетседе тілін, ділін, дінін, тіптен асыр салып ойнаған ауылында ұмытпаған. 

Әсия апайдың осында тұрып жатқанына биыл 36 жыл болса, қазақ топырағынан кеткеніне 91 жыл толыпты. Әу баста қызыл жендеттерден бес баласын қалайда аман алып қалуды ойлаған абыз ананың арманы толық орындалды. Басынан өткен тарихты толғана айтқан қарт әжей бұдан былай әр қазақ жат жұрттық болмаса екен дейді. Өйткені оның 20 немере, 23 шөбересі қазақ емес, америкалық азамат атанды.

Әмірболат Құсайынұлы, Әсет Құндақбаев,  «Алматы» арнасы үшін Вашингтоннан