Алматыдағы қоқыс өңдеу кешені қыркүйекте толық іске қосылады

21.08.2018 00:24

Алматыда тестілік тәртіпте жұмысын бастаған қоқыс сұрыптайтын кешеннің тәуліктік өнімділік қуаты – 250 тонна. Бүгінгі күні тұрмыстық қалдықтар Медеу және Түрксіб аудандарынан қабылданып жатыр.

Бүгін Парламент Мәжілісі төрағасының орынбасары Гүлмира Исимбаева кешенді аралап, кешен жұмысымен танысты. Қазір зауытта екі желі іске қосылған. Осы аптаның аяғына қарай тағы екі желі қызметін бастамақ. Тұрмыстық қалдықтардан шикізат алу үшін қоқыс сұрыпталады. Одан кейін өңдеуге жіберіледі.  

«Зауыт қыркүйек айында толық жұмыс істейді. Қазіргі кезде мегаполисте жылына 600 мың тоннаға жуық қоқыс жиналады, біз тұрмыстық қатқыл қалдықтарды сұрыптауда қаланы толық қамтымақ ойдамыз. Кешен аумағында қоқыс өңдеу зауытын салмақпыз. Қазіргі таңда оның өндіріс қуаты қанша болуы керек екенін есептеп жатырмыз», – деді инвестициялық компания директоры Дмитрий ДАНИЛЬЧЕНКО.

Кешеннің жылдық өнімділік қуаты 550 мың тонна. Қаланың экологиялық ахуалын жақсартуға арналған жоба құны 5 жарым миллиард теңге. Зауыт толық іске қосылған соң, 500-ден астам адам жұмыспен қамтылатын болады.