Алматыдағы қоқыс өңдейтін зауыт 1 қыркүйекте жұмысын бастайды. Бұл туралы Алматы қаласы Табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Әсет Масабаев Қоғамдық кеңес алдында есеп беру кезінде мәлімдеді.
Құрылыстың мезгілінде аяқталмай, жұмыстың кейінге шегерілуін басқарма басшысы аймақтағы инженерлік желілердің кеш жүргізілгендігімен байланыстырды. Қоқыс өңдеу зауыты Алатау ауданында орналасқан.
«2017 жылы желтоқсан айында мемлекеттік жеке меншік әріптестік аясында Алматыда қатты тұрмыстық қалдықтарды басқару жобасын іске асыру туралы келісімге қол қойылды. Жаңа зауытта қоқыстар сұрыпталып, өңделіп қана қоймай, олардан түрлі бұйымдар жасалады», – Алматы қаласы Табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Әсет МАСАБАЕВ.
Қоғамдық кеңесте жаңбыр жауса қала көшелерінің көлшікке айналып шыға келетіні айтылды. Суағарларға сыймай, тасжол әп-сәтте өзенге айналады. Әсіресе әл-Фараби, Абай даңғылдарының бойында су жиналып қалатын нүктелер көп екен. Басқарма басшысы бұл сұраққа қаладағы құрылыс жұмыстарының жүргізіліп жатқанын айтып ақталды. Оның сөзіне сенсек, бұл мәселе де көп күттірмей шешімін табады.