Тауда жоғалған баланы іздеу жұмысы жалғасуда: жылаған шиебөрі ме, бала ма?

25.07.2018 17:47

Алматы облысында жоғалған 7 жасар баланың қайда жүргені әлі күнге жұмбақ. 12 күннен бері иен далада тірі жүруі мүмкін бе? Жағдайды назарда ұстап отырған мамандар ҚазАқпарат тілшісіне жауап берген.

ҚР ІІМ Төтенше жағдайлар комитетінің ресми өкілі Руслан Иманқұловтың айтуынша, ендігі іздеу жұмыстарының қарқыны баяулауы тиіс.

«Баланы бүгін таңғы сағат 7-ден бастап іздеуге шықтық. Әдетте жоғалған күннен бастап 3 күнге дейін белсенді іздестіру жұмыстары жүреді. Бұдан кейін қалыпты жағдайға көшеміз. Дәл мына жағдайда ол қағидаға қарамаймыз. Төтенше жағдайлар комитетіндегілер мен полиция өкілдері бастапқы құрам бойынша іздеуді жалғастырып жатыр. Жылаған баланың даусы шыққаны туралы ақпарат бізге жеткен жоқ»,– дейді Руслан Иманқұлов.

ҚР ІІМ ТЖК ресми өкілі баланың тірі қалу мүмкіндігін болжай алмайды. Дегенмен, жақсы хабардан үмітті.  

Алматы облысы ІІД баспасөз қызметінің басшысы Сергей Незнаев сауалымызға нақтырақ жауап берді. Оның сөзінше, іздеу тобына алматылық еріктілер қосылып, белсенділер саны артқан.  

«Аймақты 40 полицей, 40 әскер 3 итпен торуылдап жүр. Иісшіл иттер үңгір мен жыраларды аралауда. Бұған қоса шопандар да атқа қонды. Қой қоралар тінтіліп жатыр. Іздеу тобына Алматы облысы әкімдігінен өкілдер мен Алматыдан еріктілер қосылды. Жалпы алғанда, 110 адам баланы іздеуге шықты», – дейді Сергей Незнаев.  

Ал шопанның баланың жылаған дауысын естігені туралы ақпарат шындыққа жанаспауы мүмкін.  

«Шопаннан бұл туралы сұрағанымызда, сөзден тайқыды. Адам баласының даусы екенін, қайдан естігенін нақты айта алмады. Естияр адамның жапан далада баланың үнін ести тұра, еш әрекет жасамағаны таңғалдырды. «Неге немқұрайлылық таныттыңыз?» деп сұрағанымызда, жылаған дауыстың шиебөрі немесе баланыкі екенін ажырата алмағанын айтты. Өзі бір қызық адам болып көрінді», – деді с. Незнаев.  

Сергей Незнаевтің сөзінше, орман-тоғайда адасып жүріп, бір ай бойы өз күнін көрген балалар болған. Егер Ернұр шошынып қалмаса, бір жерде аман жүруі мүмкін. Ол «Маугли» баланың тірі екеніне сенетінін айтты.

Еске сала кетсек, Алматы облысының Жамбыл ауданында жоғалып кеткен баланы құтқарушылар 14 шілдеден бері іздестіруде. 2011 жылы туған Ернұр Сәдуақас Ынтымақ ауылынан оңтүстік қапталдағы «Кіші саз» жайылымына бара жатқан жолдағы таулы аумақта жоғалған. 7 жастағы Ернұрмен бірге үлкенді-кішілі 5 бала жолға шыққан. Қазір балалардың барлығы ауылда. Тек Ернұр ғана оралмады.