Мысырдың құзырлы орнында кепілдікте болған 6 қазақстандық елге оралды

07.08.2017 16:13

Екі аптаға кетіп, мысырдың құзырлы орнында кепілдікте болған 6 қазақстандық елге оралды. Бейресми ақпарат бойынша, студенттердің Шардж-Алматы әуе рейсімен күндізгі сағат 16:40-та Алматы әуежайына келетіні белгілі болған еді. Оларды күтіп алуға студенттердің бірінің туған-туысы мен достары да келген. Алайда, аталмыш әуе рейсінен түскен жолаушылардың арасынан отандастарымыз көрінбеді. Бейресми мәліметтер бойынша, студенттерді құзырлы орын мамандары әуежайдың қосалқы есігінен алып кетуі мүмкін. Ал, Сыртқы істер министрлігінің мәлімдеуінше, олар үйлеріне дін аман жеткізілген.

«Еліміздің барлық азаматы Мысырдан Қазақстанға аман-есен оралды. Қазір олар өз үйлерінде туыстары мен жақындарына бара жатыр», - деді Қазақстан Республикасының СІМ ресми өкілі Әнуар ЖАЙНАҚОВ.

Еске салайық, еліміздің жоғары оқу орындарының біріндегі студенттер Мысырға білімдерін жетілдіруге барған. Оларды сол елдің құзырлы орындары ұстаған еді. Кейін еліміздің Сыртқы істер министрлігі Египетке студенттерді депортациялау туралы нота жолдаған болатын.