Астана маңындағы демалыс орындарынан ақбөкен табылды

30.05.2017 16:51

Астана іргесінде құрып бара жатқан ақбөкенді құтқару операциясы өтті. Табиғатты қорғау инспекциясының қызметкерлері қаладағы демалыс орындарының бірінде бір жарым жастағы киікті анықтаған. Оны ешкі және басқа жануарлармен бірге ұстап келген. Инспекторлар бұл орынды бір апта бұрын анықтаса да, жолдары түсіпті. Көңіл көтеру орнының иелері киікті даладан тауып алып, бағып, өздерінде қалдыруды ұйғарыпты. Ондағысы - келген қонақтардың көңілін көтеру болса керек.

«Біз бұл жануарды тауып алдық. Басы жарылған және аяғы сынған болатын. Содан соң оны өзімізбен алып кеттік. Жарты жылдай оны күтіп-бақтық»,- деді Демалыс орны директорының орынбасары, Дәурен ОМАРОВ.

Айта кетейік, елімізде киікті аулауға тыйым салынған. Өлтірілген бір ақбөкен үшін қомақты айыппұл салынса, бірнешесін аулаған қылмыскерді темір тор күтіп тұр. Ал оның мүйізі қара базарда өте бағалы. Бейресми деректер бойынша, бір мүйіз үшін жүздеген доллар пайда табуға болады екен. Десек те, еліміздегі браконьерлер жазасыз қалып отыр.