Алдағы 100 жылда адамзат пен робот бірігіп, бүтін ағзаға айналады. Мұндай пікір Астана экономикалық форумында айтылды. Болашақта жасанды интеллект адам өміріне айтарлықтай өзгеріс әкеледі. Бүгіннің өзінде ғалымдар зертханада тышқандардың миына компьютер арқылы көрген түс пен сезімді енгізген.
Экономикалық форумның екінші күніндегі тақырыптың бірі - жұмыссыздық пен роботтар әлеміне арналды. Осы мәселеге қатысты танымал физик Митио Каку ерекше ой білдірді. Оның болжамынша, қолданыстағы ғаламтор алдағы уақытта адамның ми жүйесіне айналады. Сол арқылы сезімді, жаңалықты және түнде көрген түсімізді бір-бірімізге еркін жіберетін боламыз. Ғалым күнделікті бір жұмысты қайталайтындарды болашақта роботтар ығыстырады деді.
«Біз роботтардан қорықпай, бүгіннен бастап оларға жақындай түсу керекпіз. Өйткені, бір ғасырдан кейін жасанды интеллект иелері адамның санасын толықтай түсінеді. Оларды қара жұмысқа салғымыз келетіндігін толықтай ұғатын заман келеді. Бұдан кейін адам баласы мен роботтар бірігіп, бір ағзаға айналуы ғажап емес. Екі күштің қосындысы тым ақылды,әрі күшті еркек пен әйел түрі пайда болады. Демек, жартысы адам, жартысы темір роботтар дәуірі туады», - деді физик Митио КАКУ(Жапония).
Ілім қумай, ізденбеген адамнан болашақта сырты темір, жасанды интеллект асып түседі. Бүгіннің өзінде олар банк, пошта, көлік жинау саласында адамзатты ығыстыра бастаған.
«Жасанды интеллект адам санасы әрең жететін тесттерді оңай шешу дәрежесіне дейін жетеді. Тіпті, одан әрі қарай асып кететін болады. Оның қабілеті мен ақылы адамнан көп есе артық болуы ықтимал. Бірақ бұл айтылғандардың бәрі алдағы болашақта. Біз оған әлі жеткен жоқпыз, жетуімізге біраз уақыт керек», - деді Назарбаев университетінің Роботты техника және мехатроникака федрасының меңгерушісі Хусейн ВАТАКАН ВАРОЛ.
Ал болашақтағы адамзаттың дамуына қатысты ғалымдардың пікірі қақ жарылды. Шаруаның барлығын робот атқарғанымен, пендедегі сезімді беру мүмкін емес - дейді.
«Адамның сезімі деген дүние бар. Оның сан түрлі болатынынан біз хабардармыз. Дәл осы сезімді біз роботтарға бәрібір де толықтай енгізе алмаймыз. Мысалы, біреуге аяушылық таныту деген сезімді. Оны темір-терсек түсінбейді. Адам өмірін олар жеңілдеткенмен, олардың түсінігінде «аяушылық» деген пайым жоқ болады», - деді Ресейлік қаржы ұйымының Робот және техника бөлімінің жетекшісі Альберт ЕФИМОВ.
Естеріңізге салайық, бүгін Астана экономикалық форумының екінші күнінде 30-дан артық экономикаға қатысты шара ұйымдастырылды. Маңызды басқосу ертең де жалғасатын болады.