Алматыда «Алматы Инвест 2016» ІV-ші Халықаралық инвестициялық форумы өтуде. Екі күнге жалғасатын шарада Алматы қаласының сауда және қызмет көрсету саласы, тамақ өнеркәсібі мен іскерлік туризм кеңінен талқыланады. Ірі инвестициялық шараға 500-ден астам шетелдік және отандық кәсіпкерлер қатысты.
Таңғы сағат 10-да басталған инвестициялық форум қала өміріндегі маңызды экономикалық шара. Әлемнің түкпір-түкпірінен келген қалталы азаматтар Алматы қаласының инвестициялық мүмкіндіктеріне қанық болады. Дүние жүзі бойынша макроэкономикалық, қаржы және саяси үрдісті бақылап, баға беретін білікті маман ретінде өзін танытқан Массимилиано Кастелли модератор болып, алып шаһардың инвестициялық климаты жайлы екенін тілге тиек етті.
«Алматының экономикалық әлеуеті өте зор. Орталық Азиядағы ірі қаржылық орталығына айналып келеді. Келбеті де келіскен әсем қала. Мен ойымша кәсіпкерлердің жобалары қалталы қаржыгерлер тарапынан қолдау табуы тиіс. Сіздердің елде бизнесті дамытуға мол мүмкіндіктер жасалған. Сондықтан инвесторлар үшін үлкен бастама жасауға болады деп ойлаймын», - деді UBS Asset Management басқарушы директоры Массимилиано КАСТЕЛЛИ.
Форум ашылған кездегі пленарлық отырыста Алматының инвестициялық климаты жайлы көп айтылды. Алғы сөзді қала әкімі Бауыржан Байбек сөйлеп, шеттен келген қонақтарға Алматы қаласын таныстырып, инвестициялық мүмкіндіктерін тілге тиек етті.
Халықаралық экономикалық жиынға ҚР Инвестиция және даму вице министрі Ерлан Хаиров, ҰБ төрағасы Данияр Ақышев, Sanlas hoiding компаниясының негізін қалаушы Гюнтер Небель, Еуропа сауда институты, Еуропа ретэйл академиясының жетекшісі Бренд Халлиер секілді белді азаматтар қатысты. Бернд Халлиер Қазақстанда қай салаға инвестиция салу тиімді екенін айтты.
«Логистика, тамақ өнеркәсібі, сонымен қатар, органикалық өнімдер өндіру, табиғи, экологиялық таза тамақ өндірісі, алма, күріш, тағы басқа да Қазақстан бере алатын ауыл шаруашылығы өнеркәсібі инвесторлар үшін тартымды болмақ. Меніңше, ауыл шаруашылығы саласында Қазақстанның болашағы зор, сондықтан ауыл шаруашылығы жобаларын дамытуға мән беру керек. Сіздердің елдеріңіздің әлемдегі ірі агромәдени кластерге айналуға әлеуеті жетерлік», - деді Еуропа сауда институты, Еуропа ритейл академиясының жетекшісі Бернд Халлиер.
Ал, Қытайдың туризм палатасының төрағасы, Қытай халық комитетінің орынбасары Питер Вонг Алматының туризм әлеуетін жоғары бағалады.
«Алматының табиғаты әсем. Мұнда түрлі жобаларды жүзеге асыруға болады. Көрші мемлекет болған соң біздің елдің азаматтары аса қызығушылық танытуда. Болашақта бірлесе атқаратын үлкен жобалар бар. Негізі осындай шара арқылы аймақтың экономикалық, инвестициялық ахуалымен танысып, кейін жұмыс істеу үшін жоспар құруға болады», - деді ҚХР туризм палатасының төрағасы, Қытай халық комитетінің орынбасары Питер ВОНГ.
Форум кезінде құны 300 млрд теңгені құрайтын инвестициялық жобалар бойынша 50 меморандумға қол қойылды. Ертең арнайы инвестициялық тур өтеді. Сол кезде стартап жобалар да қарастырылады. Келген қонақтарды индустриалды аймақпен таныстырады. Туризм мен сауда саласын қамтитын арнайы бағыт та жоспарланған. Барлық инвесторларға қаланың көрікті жерлері де көрсетіледі.
Әнуарбек Жәлел, Әсет Құндақпаев, «Алматы» телеарнасы