Алматылықтар қай мемлекеттік органдарға көбірек шағымданады?

06.09.2018 03:58


Алматылықтар Ішкі істер департаменті және аудандық АХАТ бөлімдерінің жұмысына жиі шағымданады. Оның ішінде, Мемлекеттік кірістер департаменті мен денсаулық сақтау басқармасы да бар. Бұл туралы Қоғамдық кеңестің отырысында Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі департамент басшысының орынбасары мәлімдеді. Оның айтуынша, Мемлекеттік қызметті көрсетудің тым көп уақытты алуы, қағазбастылық, мемлекеттік қызметшілердің этикаға сай келмейтін мінез-құлқы тұрғындардың наразылығын тудырады екен. 


«Жыл сайын мемлекеттік органдарға 2 жарым миллиондай өтініш келіп түседі. Соңғы жылдары өтініштер саны азайғанымен, шағымдардың мөлшері артып келеді. 2014 жылы 120 мың шағым түскен болса, 2017 жылы бұл көрсеткіш 180 мыңға жетті. Ал өткен жылмен салыстырғанда биылғы жылдың бірінші жартысында шағымданғандар қатары екі есеге артқан. Яғни, халықтың мемлекеттік қызметтің көрсетілу сапасына көңілі толмайды», – деді Алматы қаласы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті басшысының орынбасары Шынарай ӘЛІМХАН.

Қоғамдық кеңесте мемлекеттік қызметкерлердің жұмыс уақытының не себепті нормадан артық болатыны айтылды. Арнайы жүргізілген зерттеу нәтижесі бойынша, 8 аудандық әкімдіктің АХАЖ ұйымдарында, сот әкімшіліктерінде және Мемлекеттік кірістер департаментінде артық жұмыс істеу фактілері анықталған. Шынарай Әлімханның айтуынша, Мемлекеттік кірістер департаментіндегі жүктемелер салық есеп-қисабына байланысты, ал сот әкімшілігіндегі мәселе мамандардың тапшылығынан туындаған. Агенттік тарапынан мемлекеттік органдарға лауазымдық қызмет нұсқаулығына сай әрекет ету ұсынылыпты. Ал, Кеңестегі екінші көтерілген мәселе жасыл желектердің жөн-жосықсыз кесілу болды.  

«Негізі қиындық – қаланы абаттандыруға қатысты нормативтік құжаттардың бүгінгі күні күші жойылған. Осы ережелерді біз қайтадан енгізуіміз керек. Тағы бір мәселе – ағаштарды отырғызу, оларды күтіп-баптау және кесу бойынша бірегей ереже жоқ. Сондықтан Үкіметке ұсыныстар жолдамақпыз», – деді Алматы қаласы Қоғамдық кеңесінің мүшесі Жұмагүл ТӘЖІБЕКОВА.