Базар алдында жайылған жабайы сауда көліктердің жүруіне кедергі келтіруде

04.08.2017 в 16:53

«Алатау-2» базарының алдында ақылы тұрақ қойылғаннан бері орындарды жабайы сауданың көркін қыздырғандар басып алған. Олар көліктердің жүруіне кедергі келтіреді, дейді мамандар. Салдарынан темір тұлпар тақымдағандарға жол ережесін бұзуға тура келеді екен. Ақылы тұрақты басып алғандар заңды сауда орындарына көшуге ұмтылмайды, дейді жергілікті әкімдік.

Жабайы сауданың көркін қыздырғандарды біз келгенше жергілікті әкімдік пен полиция қызметкеркелі қуып кетіпті. Дегенмен, олардың қайта үйреншікті орындарына келері хақ. Өйткені, май шелпекке айналған орныннан олар шығын шығырмайды.

Тым-тырақай қашқан саудагерлер құзырлы орган кеткеннен кейін бәз баяғы орындарына қайта жайғасады. Бұл күнделікті әдетке айналған. «Алатау-2» базарының алдында ашылған ақылы тұрақ 6 шілдеден бері жұмыс істейді. Содан бастап, аумақтың 10 пайызын  жабайы саудамен айналысатындар басып алыпты. Ал олар заңды түрде сауда орындарын алуға жағдайылары келмейтінін айтады.

Маусымдық саудамен айналысатындар, яғни көшеде жүріп жүгері, салқын сусын сататындар бір орында тұрмайды. Бірақ көп жағдайда ақылы тұрақтың маңын жағалап сататын көрінеді. Ал демалыс күндері көліктерге мүлде орын қалмайды екен. Жергілікті әкімдік онымен де күресуді қолға алыпты. Бірақ жұмыс нәтижесіз. Солтүстік айналма жолындағы мына тұрақ 440 көлікке шақталған. Қазір осы тектес 5 ақылы тұрақ бар. Олар Нұрлы тау, Адем, Олжа, Ялянда ашылған. Онда да дәл осы жағдай.

«Күнде таңертең барамыз. Саудагерлерге ескерту жасаймыз. Одан кейін жергілікті полиция қызметкерлеріне тапсырамыз. Ары қарайай өздері қуып, жасайды жұмыстарын. Айыппұлын салады, осы уақытқа дейін, осы аптаның ішінде 200 орын алып тастадық деді. Қазіргі уақытта базар салынып жатыр ғой. «Ақбұлақ» базары. Сол базардың ішіндегілер  сыртында жүр. Сондықтан бәрі сыртта жүр. Қазір базар біткен соң, ішіне кіреміз деп отыр», - деді Алатау аудандық кәсіпкерлікті дамыту бөлімінің бас маманы Ертай ӘЛІМОВ.

Биыл қалалық бюджетке «Алматыспецтехпаркинг» мекемесі тұрақтарды ақылы етудің арқасында 250 млн теңгеге жуық қаражат аударыпты. Бұл сома егер ақылы тұрақтардың орнын жабайы сауда басып алмай, көліктер тұрса одан сайын арта түседі, дейді мамандар. Қазір тұрақтардағы тәртіпті қарау үшін 30 адам жұмысқа алынған. Дегенмен, жергілікті полицияға көнбейтіндерге бұлар да тұсау сала алмай отыр.

Жадыра Омаржан, Рәшид Шүкірәлиев, «Алматы» телеарнасы